2024 жылғы даулы президент сайлауынан басталған Венесуэладағы саяси дағдарыс бүгінде ушығып тұр. 2026 жылы АҚШ Венесуэлада әскери операция жүргізіп, ел президенті Николас Мадуроны тұтқындады. Мұнай қоры бойынша әлемде бірінші орында тұрған Венесуэладағы бұл оқиғалар мұнай нарығын қалай өзгертеді? Ол өз кезегінде Қазақстан экономикасына қалай әсер етпек? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі сарапшыдан сұрап көрді.
Мұнай нарығына ықпалы шектеулі
Саясаттанушы Руслан Мақсат қазіргі Венесуэладағы дағдарыстың мұнай нарығына, оның ішінде әлемдік мұнай бағасы мен жеткізу тізбектеріне шектеулі деңгейде ғана әсер етіп отырғанын айтты.
Бұл дағдарыстың мұнай нарығына ықпалы шектеулі, сәйкесінше Қазақстан үшін де мұнай нарығында әзірге шектеулі мүмкіндіктер туғызып отыр. Жағдай қалай болатынын биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы көрсетеді. Себебі сол кезде АҚШ мұнай компанияларының Венесуэладағы мұнай инфрақұрылымын қалпына келтіруге қатысу перспективалары айқындалуы керек, - деді ол.
Перспективаларды бағалауға ерте
Саясаттанушы әлемдік мұнай нарығы Венесуэладағы оқиғаларға қалай жауап бергенін талдады.
Соңғы күндері Brent мұнай бағасы төмендеді. Осыған байланысты, тіпті ОПЕК+ картелінің өзі де күту позициясын алды және 2026 жылдың бірінші тоқсанында өндіру квоталарының өсуін тоқтатты, - деді Руслан Мақсат.
Ол АҚШ-тың ірі мұнай-газ компаниялары Венесуэланың мұнай инфрақұрылымына инвестиция құйса ғана ол елдің мұнайының үлкен көлемі нарыққа шығып, 2026 жылы мұнай бағасын төмендетуі мүмкін екенін айтты.
Жақын болашақта, егер АҚШ-тың мұнай-газ алпауыттары Шеврон немесе Эксон Венесуэланың мұнай инфрақұрылымына жүздеген миллиард доллар инвестицияласа және мұнай өндірудің бірнеше есе өсуін қамтамасыз ете алса, онда мұнай нарығы Венесуэла мұнайына толып, бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде болады. Бірақ мен бұған күмәнданамын, - деді саясаттанушы.
Руслан Мақсат бүгінгі таңда Венесуэладағы жағдайдың мұнай бағасының төмендеуіне әсері аз екенін атады. Оның ойынша, елдегі саяси дағдарыстың мұнай нарығына әсер етуінің перспективаларын бағалауға әлі ерте.
Екі мұнай екітүрлі
BAQ.KZ тілшісі “Қазақстан Венесуэла мұнайы шектелген нарықтарға өз мұнайын көбірек шығара ала ма?” деп сұрады.
Қазақстанның мұнайы негізінен CPC Blend және KEBCO сорттарымен ұсынылады. Венесуэла мұнайы ауыр және тұтқыр, Солтүстік Американың барлық мұнай өңдеу зауыттары мұндай мұнайға арналмаған. Венесуэла мұнайының негізгі сатып алушысы бұрыннан АҚШ болған, бірақ соңғы уақытта бұл – Қытай. Қазақстан мұнайы басқа нарықтарға арналған, - деп жауап берді саясаттанушы Руслан Мақсат.
Сарапшының сөзінше, Қазақстанның күкіртті мұнайы мен Венесуэланың тұтқыр және ауыр мұнайын, сондай-ақ екі елдің экспорттық мүмкіндіктерін салыстыру орынсыз, себебі олардың географиясы мен сатып алушылары әртүрлі.
Қазақстан ұта ма, ұтыла ма?
Руслан Мақсат Қазақстан үшін Венесуэладағы жағдай ұтыс та, ұтылыс та емес екенін айтты.
Венесуэладағы оқиғалардың негізгі бенефициары АҚШ екені анық. Менің ойымша, АҚШ Венесуэлада әскери операция жүргізіп, Мадуроны тұтқындауы мұнай-газ геосаясатына тікелей қатысты емес. Оған қарағанда бұл әрекеттерде АҚШ-тың Монро доктринасы бойынша Батыс жарты шарда үстемдік орнату туралы негізгі хабарламасы бар, яғни саяси артықшылық мәселесі, - деді ол.
Саясаттанушы Венесуэлада мұнай қоры көп болғанмен, оны өңдеу жағы тұралап тұрғанын жеткізді. Ал АҚШ мұнай инфрақұрылымын қалпына келтіруге қаражат құя ма, белгісіз.
Венесуэланың мұнай инфрақұрылымы ыдырап жатыр. Батыс компаниялары мұнай инфрақұрылымын қалпына келтіруге жүздеген миллиард доллар инвестициялауы керек. Бұл өндірістің тез өсуіне мүмкіндік бермейді. Шеврон мен Эксонның 100-200 миллиард долларды Венесуэладан гөрі Гайана сияқты жобаларға құюы тиімді. Ал АҚШ әкімшілігі Венесуэланың мұнай өнеркәсібін қалпына келтіруді американдықтарға жүктей ала ма? Үлкен сұрақ, - деді Руслан Мақсат.
Сонымен қатар, АҚШ-тың қайтадан Венесуэла мұнайына көшуі үшін АҚШ-тың мұнай өңдеу зауыттарына да қаражат құю керек. Сондықтан саясаттанушы жақын арада Венесуэладағы жағдайдың мұнай нарығына айтарлықтай әсер етуін екіталай деп болжайды.