Мұнай 120 долларға қымбаттаса, Қазақстан қанша табады? – Ұлттық банк жауап берді

Мұнай бағасының ықтимал өсуі мен оның қаржы жүйесіне ықпалы.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 07:30
Бүгiн 2026, 07:30
210
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Әлемдік нарықта мұнай бағасының өсуі Қазақстан экономикасына, әсіресе Ұлттық қорға түсетін түсімдерге тікелей әсер ететіні белгілі. Осыған байланысты BAQ.KZ редакциясы Ұлттық банкке ресми сауал жолдап, мұнай бағасының ықтимал өсуі мен оның қаржы жүйесіне ықпалы туралы сұрады.

Ұлттық банк бұл мәселе бойынша нақты есеп жүргізу бірқатар факторларға тәуелді екенін атап өтті.

Мұнай бағасының әртүрлі деңгейлерінде Ұлттық қорға түсетін түсімдердің әлеуетті өсуін есептеу көптеген факторларға байланысты. Оның ішінде мұнай өндіру көлемі, теңге бағамы, салық құрылымы және жоғары бағаның сақталу ұзақтығы бар, – деді Ұлттық банк.

Сонымен қатар, нақты болжамдар бойынша толық ақпаратты Қазақстан Республикасының Үкіметінен алу қажеттігі де айтылды.

2025 жылы көрсеткіштер қандай болды?

Ұлттық банктің мәліметінше, соңғы бір жылда мұнай бағасының жоғары болуы белгілі бір деңгейде әсер еткен. Алайда нақты «қосымша табыс» бөлек есептелмейді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнайдың орташа бағасы барреліне 68 АҚШ доллары болған кезде Ұлттық қорға шамамен 3,78 трлн теңге түсті, – деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Сонымен бірге, сол жылы Ұлттық қордан алынған қаражат көлемі 5,3 трлн теңгені құраған.

Ұлттық банк мәліметінше, әлемдік мұнай бағасының ағымдағы өзгеруі кейінгі кезеңдерде Ұлттық қорға мұнай секторынан түсетін түсімдерге әсер етуі мүмкін, алайда түпкілікті нәтиже орта мерзімді кезеңде мұнай бағасының қаншалықты жоғары болатынына байланысты болады.

Трансферттер қалай өзгеруі мүмкін?

Ұлттық қордан бюджетке бөлінетін қаражат мәселесі қатаң заңнамалық негізде реттеледі.

Ұлттық қордан берілетін трансферттер Бюджет кодексі мен жыл сайын қабылданатын заңдар арқылы айқындалады, – деді Ұлттық банк.

Кепілдендірілген трансферт көлемі мұнай секторынан түсетін болжамды кірістен аспауы тиіс. Ал нысаналы трансферттер Президент шешімімен маңызды ұлттық жобаларға бағытталады.

Мұнай бағасы теңгеге қалай әсер етеді?

Ұлттық банк мұнай бағасының өсуі теңге бағамына әсер ететін негізгі факторлардың бірі екенін мойындайды. Дегенмен бұл жалғыз фактор емес.

Теңге бағамы ішкі валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады, – деп атап өтті Ұлттық банк.

Сондай-ақ оған инфляция, базалық мөлшерлеме, төлем балансы және бюджет қаражатының қозғалысы сияқты ішкі факторлар да әсер етеді.

Дегенмен мұнай бағасының өсуі экспорттық кірісті арттырып, елге шетел валютасының келуін көбейтеді. Бұл өз кезегінде теңгеге белгілі бір деңгейде қолдау көрсетуі мүмкін.

Ұлттық қор қаражаты қалай инвестицияланады?

Ұлттық қор активтері екі негізгі бағыт бойынша басқарылады: тұрақтандыру және жинақ портфельдері.

Тұрақтандыру портфелі өтімділігі жоғары құралдарға, негізінен АҚШ қазынашылық облигацияларына инвестицияланған, – деді Ұлттық банк.

Ал жинақ портфелі ұзақ мерзімді кірістілікке бағытталған және әртараптандырылған құрылымға ие. Оның құрамына облигациялар, акциялар, алтын және баламалы инвестициялар кіреді.

Мұнай бағасының өсуі инфляция арқылы облигациялар нарығына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар алтынның қорғаныс активі ретіндегі тартымдылығы артады. Ал акциялар нарығы әртүрлі макроэкономикалық факторларға байланысты өзгеріп отырады.

Ұлттық қордың тұрақтылығы қалай сақталады?

Сарапшылар мұнай бағасының жоғары кезеңі уақытша болуы мүмкін екенін ескертеді. Осыған байланысты Ұлттық банк ұзақ мерзімді тұрақтылыққа басымдық беріп отыр.

Ұлттық банктің негізгі міндеті – орташа тәуекел деңгейінде тұрақты ұзақ мерзімді кірісті қамтамасыз ету, – деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Бұл үшін қор активтері әртараптандырылған инвестициялық стратегия негізінде басқарылады. Негізгі мақсат – қаражатты сақтау, өтімділікті қамтамасыз ету және активтерді көбейту.

Наверх