Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің атына Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Иннен жеделхат келіп түсті. Бұл туралы Елбасының ресми сайты хабарлады.
Мун Чжэ Ин Елбасының коронавирус жұқтырғаны туралы хабарды алаңдаушылықпен қабылдады.
Мен өткен жылдың сәуір айындағы Қазақстанға сапарымда Сізбен болған кездесуді әрдайым жылы сезіммен еске алып отырамын. Қос ел арасындағы ынтымақтастық пен халықаралық аренадағы ахуал жайында өрбіген әңгіме барысында Сіздің көпжылдық тәжірибеңіз бен даналығыңызға тәнті болдым. Сізге тез арада коронавирусты жеңіп, сауығып кетуіңізді тілеймін, - делінген жеделхатта.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Халифа Бен Заид Әл Нахаяннан және Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-Президенті, Премьер-Министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумнан жеделхаттар келіп түсті.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті мен Премьер-Министрі Елбасының тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Алладан Сізге зор денсаулық, амандық, ұзақ өмір, отбасыңызға және достас Қазақстан Республикасының халқына жақсылық сұраймыз. Біздің зор құрметіміз бен ыстық ықыласымызды қабыл алыңыз, - делінген жеделхаттарда.