Мүмкіндігі шектеулі жандардың да қолынан іс келетінін дәлелдегім келді – кәсіпкер

25 Наурыз 2022, 09:41
2167
Бөлісу:
Мүмкіндігі шектеулі жандардың да қолынан іс келетінін дәлелдегім келді – кәсіпкер

Көкшетау,   BAQ.KZ тілшісі. Отыз жасында қоларбаға таңылған көкшетаулық Рамазан Мұқатаев екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс бастап, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіп ашып, еңбек етудің үлгісін көрсетіп келеді. 

Ол табиғатынан белсенді. Тағдыр тәлкегіне ұшырамас бұрын құрылысшы болып жұмыс істеді. Өмірде мұқалмай, қайраттана алға ұмтылуына жұбайы Ақтоқты мен қыздары күш-жігер берді. Қымбат Ахметжанова мен Василий Шиманский сияқты тағдырлас жандармен танысты. Олар Рамазанды спортқа тартып қана қоймай, қиындықтан шығудың жолын нұсқады. Ол параүстел теннисімен айналысып, облыстан, кейін республикадан тыс жерлерге шыға бастады. Осылайша, спорт физикалық, әлеуметтік оңалтудың тиімді әдісіне айналды.

Одан әрі Рамазан Сапарұлы Көкшетау қаласы әкімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Екі жыл бойы ол мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелерін үйлестірді. Әлеуметтік қорғау, қолжетімді орта, мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту сияқты мәселелерді шешуге көмектесті. Ол бүгінде осы барлық жүйелік проблемалармен жұмыс істеуді жалғастыруда. Рамазан Мұқатаев – «Бірлік» Ақмола облысының мүгедектер одағының төрағасы. 

Рамазан Сапарұлы кәсіпкерлікке алты жыл бұрын бет бұрған. 

Қоларбаға таңылып отыра бергенше, мүмкіндігі шектеулі жандардың да қолынан іс келетінін дәлелдегім келді. Осылайша, тігін жабдықтарын жөндеуді қолға алдым. Бір күні досым тігін машинасын әкелді. Менің жоғары техникалық білімім бар, инженер-құрылысшымын. Жұмысқа кірісіп кеттім. Осылайша тігін машинасы әп-сәтте дайын болды. Содан кейін алғашқы тапсырыс түсті, онымен үш күн жұмыс істедім. Бұл ең қарапайым машина болғанымен, ол маған ғарыш кемесі сияқты көрінді, – дейді ол.

Жақын таныстардан біртіндеп тапсырыстар түсе бастады. 

Маған идея берген досым мені осы іске қайтадан бейімдей бастады. Хабарландыру беруге ұсыныс жасады. Біртіндеп клиенттік база жасақталды, - дейді Рамазан Мұқатаев.

Уақыт өте келе жеке кәсіпкер ұсынатын қызметтердің тізімі кеңейді. 

Қажетті бөлшектерді қайдан алуға болады деген сұрақ туындады. Интернет арқылы жөндеу шеберханаларымен таныстым. Осылайша тігін жабдықтарын Қазақстанға жеткізетін дистрибьюторларға шықтым. Олар өздерін Ақмола облысында уәкілетті орталық ретінде таныстыруды ұсынды. Екі жақты келісім жасалып, қажетті бөлшектердің түпнұсқасын ала бастадым. Қазіргі уақытта  жергілікті ірі сауда үйлері, интернет-дүкендер желісімен жұмыс істеймін, оларға кепілдікті жөндеу бойынша қызмет көрсетемін, – дейді кәсіпкер.

Ұсыныстар көбейген сайын клиенттер де арта бастайды.

Мен әріптестеріме ешқашан бәсекелес ретінде қараған емеспін. Мен адамдарға, ал олар маған көмектеседі. Көкшетауда онға жуық әріптестерім бар. Мен оларға өтінім беремін, өйткені, мысалы, өнеркәсіптік стационарлық жабдығы бар ірі ательеге мен арбамен келе алмаймын. Сондықтан мен басқа фирмаларды тартамын. Содан кейін сол шеберлер маған қосалқы бөлшектер үшін жүгінеді, – деп түсіндірді бизнесмен.

Рамазан Мұқатаев қосалқы бөлшектер мен құралдардың таңдаулысын әкелуге тырысады. Ресейде, Қытайда, Қырғызстанда тікелей шетелдік көтерме жеткізушілермен байланыс жолға қойылған. Екі жарым жыл бұрын Рамазан Сапарұлы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқудан өтті. 

Әрине, біз қарқынды жұмыс істедік. Бірақ мен бизнесті дамыту үшін, маркетинг, сондай-ақ қаржылық есептілікті дұрыс жүргізуде жаңа білім алғым келді. Одан әрі дамуға кәсіби көзқарас қажет болды. Бұл жерде «Бастау Бизнес» жобасы бізге өте құнды көмек көрсетті, – деп мойындады кәсіпкер.

Гранттық қаражатқа ол жаңа станок сатып алды. 

Қазір барлығы өзгеруде, тігін жабдықтары да жаңғыртылуда. Сондықтан біз заман көшінен қалмауға тырысып, диагностика және жөндеу үшін заманауи, инновациялық жабдықтар сатып алуға тырысамыз. Мысалы, қазір бұрағыштың жүзге жуық түрі бар. Бір кездегі дәнекерлеу үтігі емес, тұтас дәнекерлеу станциясы бар. Механизмдерді қозғалысқа келтіретін құрылғылар компьютерлендірілген, –деп бөлісті кәсіпкер.

Сонымен қатар, Рамазан Мұқатаев жастарды оқытумен айналысады. Ол жергілікті жұмыспен қамту орталығымен бірлесе жұмыс атқарады.

Онда жұмыс орнында оқыту әдісі бар. Қаржыландыруды күтіп отырмыз. Жергілікті кәсіптік-техникалық колледждермен ынтымақтастық орнаттық. Мысалы, Көкшетаудағы жоғары техникалық, Красный Яр ауылындағы аграрлық колледждердегі ескі жабдықтар жаңартылды. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде стартаптар іске қосылды. Студенттер тігін кабинетін ұйымдастыру бойынша стартапты жеңіп алды. Біз оқу орнына тігін жабдықтарын әкелдік. Біз мемлекеттік сатып алуларға да қатысамыз, – деп толықтырды кәсіпкер.

Бүгінде кәсіпкер Ақмола облысының аумағында жүргізуші мен шеберлер даярлайтын үш жұмыс орнын ашты. Алдағы жоспарлары да ауқымды. Болашаққа үлкен үмітпен қарайды.

Болашақта сапалы сервистік қызмет көрсететін, тігін жабдықтарын сататын дүкен ашқым келеді. Адамның мүмкіндігі шексіз. Шыдамдылық пен еңбек бәрін жеңеді. Ең бастысы, өзіңе сену, – деп түйіндеді Рамазан Мұқатаев.

Өзгелердің жаңалығы