ШҚО, BAQ.KZ тілшісі. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ШҚО бойынша департаменті басшысы Болат Сәтековтың хабарлауынша, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында мүгедектігіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 40 мың адамнан асады.
Нақтырақ айтсақ, өткен сәуір айында осындай санаттағы 40 814 адамға республикалық бюджет қаржысы есебінен 1,8 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленген.
«Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалары бойынша мүгедек болып танылған, қолдарында мүгедектігін растайтын анықтамасы бар азаматтар мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы. Жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына, ауру себептеріне және «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асырушысынан айырылу жағдайына және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар» туралы Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы №126-І заңына сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшеріне байланыстырылған тиісті коэффициенттерге байланысты болып келеді», - дейді Болат Кәлімұлы.
Жауапты тұлғаның айтуынша, әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері республикалық бюджет туралы заңына сәйкес тиісті қаржы жылына белгіленген мөлшерде жүзеге асырылатын көрінеді. Қазақстан Республикасының «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 29 698 теңгені құрады. Аталмыш көрсеткіштің артуына байланысты жыл басында әлеуметтік жәрдемақылардың да мөлшері өскен.
Атап айтсақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «жалпы ауру», «еңбекте мертігу», «кәсіби аурулар» мүгедектік себебі бойынша бірінші топтағы мүгедек адамға төленетін жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,92 мөлшеріне тең. Ол 2018 жылы — 54 306 теңгені құраса, 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап мөлшері арттырылып, 57 021 теңгені (1,92 х 29 698) құрады.
«Жалпы ауру», «еңбекте мертігу», «кәсіби аурулар» мүгедектік себебі бойынша екінші топтағы мүгедек адамға төленетін жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,53 мөлшеріне тең. Ол 2018 жылы — 43 275 теңгені құраса, 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап мөлшері арттырылып, 45 438 теңгені (1,53 х 29 698) құрады.
«Ядролық жарылыстар мен сынақтар кезіндегі радиациялық әсер етудің салдарынан» мүгедектік себебі бойынша үшінші топтағы мүгедек адамға төленетін жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2,01 мөлшеріне тең. Ол 2018 жылы — 56 851 теңгені құраса, 2019 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап мөлшері арттырылып, 59 693 теңгені (2,01 х 29 698) құрады.
Қоса кетсек, биылғы жылдың шілде айынан бастап мүгедек бала тәрбиелеп отырған жандарға берілетін және бала кезінен I-топ мүгедегіне күтім көрсетіп отырған азаматтарға тағайындалатын жәрдемақылар көлемі арттырылады. Бұған себеп - Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur-Otan» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасы. Ол кезде Елбасы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемін 30 пайызға өсіру қажеттігін айтқан болатын. Бүгінгі таңда Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар күнкөріс көлемінің 1,05 мөлшерінде, яғни 31 183 теңге жәрдемақы алып отыр. Биылғы жылдың бірінші шілдесінен бастап жәрдемақы көлемі 10 395 теңгеге көтеріліп, 41 578 теңгеге жетпек. Қазіргі уақытта мұндай жәрдемақы түрлері еліміздің 95 мыңнан астам азаматына тағайындалған. Олардың 82 мыңға жуығы мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырса, 13 мыңнан астамы бала кезінен I-топ мүгедектері болып келетін жандарға күтім жасайды.