Tanda.Enbek.kz порталында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған онлайн-бос жұмыс орындары жәрмеңкесі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Tanda Enbek платформасында «IteachMe» қоғамдық қорымен бірлесіп «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы»АҚ (бұдан әрі – ЕРДО) ұйымдастырған мүгедектігі бар адамдарға арналған бос жұмыс орындарының республикалық онлайн-жәрмеңкесі басталды. Жәрмеңкеге қатысуға түрлі өңірлерден 64 жұмыс беруші өтінім берді, олар порталда 498 бос жұмыс орнын, өз кәсіпорындары туралы ақпаратты, сондай-ақ кандидаттарды іздейтін мамандықтарды орналастырды.
Онлайн-бос жұмыс орындар жәрмеңкесі барысында өздеріне жұмыскерлер табуға шешім қабылдаған жұмыс берушілердің арасында «Үлбі металлургия зауыты» АҚ (металлургия), «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС (электр энергиясын өндіру), «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Алматы қалалық филиалы (қаржы-банк қызметі), «ЭЙКОС» ЖШС (автомобиль шиналарын, дискілерді және ілеспе аксессуарларды сату) және тағы басқалар, - делінген хабарламада.
Онлайн жәрмеңке 18 қазан күні сағат 20.00-ге дейін жалғасады. Оған қатысу үшін өтініш берушілер жәрмеңке бетіне https://tanda.enbek.kz/ru/fairs/74 сілтеме арқылы кіріп, тіркеуден өтіп, жеке кабинетте өзекті түйіндеме дайындау қажет.
Бос орындар жәрмеңкесінің бұл форматы екі жаққа да өте ыңғайлы. Жұмыс іздеушілер қол жетімді бос жұмыс орындарын тез көре алады, түйіндемелерін әлеуетті жұмыс берушілерге жібере алады, бірден бірнеше ұйымдардағы жұмыс жағдайларын бағалай алады, HR-менеджерлермен сөйлесе алады, белгілі бір лауазымға қажетті біліктілік дағдыларын анықтай алады және сұхбаттасуға шақырулар ала алады. Жұмыс берушілерге онлайн-жәрмеңкеге қатысу сонымен қатар бірнеше үміткердің кандидатураларын қарауға, өзін және қажеттіліктерін жариялауға, өз қызметінің маңызды аспектілерін түсіндіруге және ең қолайлы үміткерлердің жеке базасын құруға мүмкіндік береді, - деп бөлісті ЕРДО президенті Дәулет Арғындықов.
Естеріңізге сала кетейік, Tanda Enbek платформасы іске қосылған сәттен бастап барлығы 54 онлайн-бос орындар жәрмеңкесі өткізілді.