Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды лифтпен қамтамасыз ету талаптары ескерілмеген

26 Қазан 2022, 11:56
892
Бөлісу:
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды лифтпен қамтамасыз ету талаптары ескерілмеген

Мәжіліс депутаты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттық сауалымызға мектептерді жобалау кезінде, сондай-ақ жалпы білім беру ұйымдарында мүгедектігі бар оқушыларымыздың арба көмегімен жүретін оқушыларға Қазақстан Республикасының құрылыс нормаларында көрсетілген лифтілердің мектеп жобаларында қарастырылмауы және ол жобаларды сараптау кезінде лифтілерді орнатуын талап етпеу себеп болды. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруға байланысты реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңестің отырысында Үкімет мүшелеріне тапсырма берді, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының негізгі тәсілдерін бекітті, - деді депутат.

Мәжілісменнің мәлімдеуінше, «Жайлы мектеп» ұлттық жоба аясында 800 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептер, 143 мектеп салу жоспарланып отыр.

Өңірлерді аралап, ауылдар мен аудан орталықтарындағы жаңа мектептердің құрылыс барысымен танысқан кезде жүріп-тұру мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мектептерге қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін талаптар жартылай ғана орындалғанын, екінші қабаттағы сабақтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін лифтілердің орнатылмағандығын анықтадық. Ал мектептерде мамандандырылған сыныптар әртүрлі қабаттарда орналасқанын білесіздер. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кейбір сабақтар бірінші қабаттағы жабдықталмаған кабинеттерде өтеді немесе мүлдем өтпейді екен, - деді ол.

2018 жылғы 3.06-101-2012 Қазақстан Республикасының Ережелер жиынтығының 4.3.10.4 тармағында лифт қажеттілігіне қатысты қозғалу мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімділікті ескере отырып, ғимараттар мен құрылыстарды жобалау көзделген.

Бастауыш және жалпы білім беретін, сондай-ақ орта кәсіптік білім беру ұйымдарында мүгедектер арбасын пайдаланатын оқушылар үшін арнайы лифт қамтамасыз етілуі тиіс. Алайда аталған жобалардың экспертиза кезінде Қазақстан Республикасының Ережелер Жинағының талаптары орындалмаған, осылайша жобалардың сараптамасынан өту ережелері және ең бастысы, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары бұзылған.

Депутат 2018 жылдан бері жүзеге асырылып жатқан мектептер салу жобаларының сараптамасынан өту кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды лифтпен қамтамасыз ету ережелерінің талаптары неге ескерілмегендігін түсіндіруіңізді сұрады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысында 800 мың орынға арналған жаңа форматтағы мектептерді салуда лифт қарастыру арқылы мүмкіндігі шектеулі оқушылардың білімге қолжетімділігін қамтамасыз ету тетіктерін жүзеге асыру өзекті. Мәселені өз бақылауыңызға алып, заңда белгіленген мерзімде қабылданған шаралар туралы жазбаша хабарлауыңызды сұраймын, - деді Елубаев.

Өзгелердің жаңалығы