Мәжіліс депутаты, "Ауыл" партиясының мүшесі Анас Баққожаев әріптесі Жигули Дайрабаевтың партия төрағасының орынбасары қызметінен кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ ErtenMedia сайтына сілтеме жасап.
Депутаттың сөзінше, Жигули Дайрабаевтың партиядағы қызметінен босатылуы ол жасаған мәлімдемеге байланысты болуы мүмкін емес.
Жоқ, о не дегендеріңіз?! Бізде әрбір адам кез келген мәлімдеме жасай алады. Менің ойымша, бұл оның себебі емес. Жеке себептері бар деп ойлаймын. Мүмкін ол шаршаған шығар, мүмкін депутаттық жұмысымен айналысқысы келеді, - деді мәжілісмен.
Оның айтуынша, мұндай шешім Жигули Дайрабаевтың Парламенттегі заң шығару қызметіне көбірек уақыты жетуі үшін қабылданған да болуы мүмкін.
27 ақпанда өткен "Ауыл" партиясы саяси кеңесі төралқасының отырысында Жигули Дайрабаев партия төрағасының орынбасары қызметінен босатылды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі жеткізді.
Мәліметке сүйенсек, Дайрабаевты қызметінен босату туралы шешім саяси кеңес мүшелері тарапынан бірауыздан қабылданған.