Мұхтар Әуезов қазақ елі түбі Тәуелсіздік алатынын өз шығармасында атап өткен

28 Қыркүйек 2021, 12:38
3685
Бөлісу:
Мұхтар Әуезов қазақ елі түбі Тәуелсіздік алатынын өз шығармасында атап өткен

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі, белгілі мұхтартанушы Мамай Ахетов дәстүрлі «Әуезов оқулары» атты жас ғалымдардың ХҮІІІ ғылыми-тәжірибелік конференциясында айтты.

Жиын барысында Мамай Ахетов Әуезовтың драматургиясы ішіндегі ең соңғы шығармасы «Дос-бедел дос» туралы сөз қозғады.

Ұлы Мұхаң, сахна өнеріне, оның ішінде драматургияға үлкен дайындықпен келгені белгілі. Ленинград мемлекеттік университетінде оқып жүргенде «Мен сол кезде ешбір қойылымды назардан тыс қалдырғаным жоқ» деп жазатыны бар. Одан кейін «Драматургияның бүгінгі жайы мен міндеттері» деген керемет, классикалық мақалаларын жазады. Кейін қазіргі Әуезов атындағы драматургиялық театрда көркемдік жетекші қызметін атқарды. Ол кісінің драмалық жолы 1917 жылы «Еңлік-Кебекпен» басталған еді. 1917-1957 жылдар аралығындағы 40 жылда жазушы бүкіл сахна өнерінің негізін қалап кетті. Солардың ішінде бүгінге дейін көпшіліктің қызығушылығын тудыратын және назардан біршама тыс қалып келе жатқан «Дос-бедел дос» деген шығармасы, - деді ол.

Оның айтуынша, сол кездегі замандастары Сәбит Мұқанов бұл шығарманы ешқандай ақылға қонбайтын, драманың ешқандай талаптарына жауап бермейтін шығарма деп бағалапты. Яғни өзінің нәтижесіне жете алмаған, драманың тақырыбын аша алмаған. Ал Әуезов болса, осы шығармасынан үлкен үміт күткен және өмірдегі ең басты шығармам деп есептепті.

Мұның бір қызық жері, Әуезов қазақ елін үш тұсынан ортаға түсіріп қарайды. Егер біз қазіргі Ресей Федерациясының ішіндегі шағын мемлекеттер секілді солардың ішінде қалып қойғанда қандай болар едік деп сол кездегі жағдайды сипаттайды. Сөйте отырып екінші бір жағынан қазіргі Ауғанстан секілді Одақтың сыртында қалып қойсақ, біз қалай болар едік деп Бедел мен Жаппас екеуін айтыстырып, сол жерде діни тақырып төңірегінде сөз қозғайды. Сондай-ақ ол кісі Ресей құрамындағы Қазақ автономиялы, кейін Одақтың мүшесі болғанымызды құптайды, онда біз дұрыс бағытты таңдадық деген идея жатыр. Оның арты түбінде Тәуелсіздікке бастап баратынын сол кезде айтып кеткен, - дейді мұхтартанушы.

Мамай Ахетов сөз арасында «Дос-бедел дос» шығармасын режиссерлер назар салып қайта қараса деген тілегін білдірді.

Бұл шығарма - біздің Тәуелсіздігіміз үшін және Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына үлкен сый. Оған қоса бұл қазақ халқының бір ғасырда жүріп өткен жолының үлкен сыры ашылған күн болар еді, - деді ол.

Іс-шара М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен өтті.



Өзгелердің жаңалығы