Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылы қазақстандықтарға мүгедектікке байланысты және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы түрінде 366 млрд теңгеден астам қаражат төленді.
2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны шамамен 525 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушылардың саны 166 мың адамды құрайды.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
Мысалы, 2020 жылғы 1 сәуірден бастап жалпы аурудан болған I топтағы мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 62 723 теңге, II топқа – 49 983 теңге, III топқа – 33 975 теңге, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 45 736 теңге болды.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себебіне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты.
Мысалы, 2020 жылғы 1 сәуірден бастап асырауындағы бір адамның асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 28 095 теңгені, асырауындағы екі адамның жәрдемақысы 48 676 теңгені құрады.