Мүгедектігі бар адамға қарайтын отбасы мүшелеріне еңбекақы төленеді

26 Маусым 2023, 15:35
3527
Бөлісу:
Мүгедектігі бар адамға қарайтын отбасы мүшелеріне еңбекақы төленеді
Фото: Артём Чурсинов - архив

Қазақстанда әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жаңғыртылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2023 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде халыққа әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту басталады, оның басты мақсаты – мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің (бұдан әрі – АӘҚ) қолжетімділігін арттыру.

Жаңғырту бағыттарының бірі өтініш берушіден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің проактивті форматына көшу болып табылады. Халықтың АӘҚ-ға қажеттілігі азаматтардың өтінішін күтпей, Отбасының цифрлық картасының (бұдан әрі – ОЦК) көмегімен автоматты түрде айқындалатын болады. ОЦК базасында қажеттілік карталары қалыптастырылады, мұқтаждар санаттары және оларды проактивті форматта көрсете отырып, қызметтердің қолжетімділігі айқындалады.

Сондай-ақ Әлеуметтік кодекс шеңберінде ірі интернат-үйлерде қызмет көрсетуден шағын жинақталған әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында қызмет көрсетуге көшу жүзеге асырылатын болады.

Бүгінгі таңда осындай 20 ұйым мұқтаж азаматтардың тұратын жерлеріне жақын жерде қызмет көрсетеді. Мұндай ұйымдарды дамыту «Балапан» бағдарламасына ұқсас, әсіресе ауылда АӘҚ көрсету үшін шағын жинақты ұйымдар ашқан жеке сектор субъектілеріне мемлекеттік тапсырысты кеңейту жолымен жүзеге асырылатын болады.

Өз кезегінде, ірі интернат-үйлер жаңа технологияларды енгізу және әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің ғылыми-әдістемелік орталықтарына немесе әлеуметтік қызмет көрсетудің көпсалалы шағын үйлеріне кезең-кезеңімен ауыстырылатын болады.

Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту көзделеді. Мүгедектігі бар адамдардың туыстары тиісті еңбекақы және әлеуметтік аударымдармен жеке көмекші ретінде ресімделетін болады, - делінген Еңбекмині хабарламасында.

Тағы бір өзгеріс – АӘҚ стандарттарын қайта қарау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында тариф белгілеуге жаңа тәсілдерді енгізу. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар үшін жан басына шаққандағы норматив енгізілетін болады. Компенсаторлық техникалық құралдарды жеткізетін ұйымдар үшін шекті бағалар енгізіледі.

Бұл ретте кепілдік берілген сома елдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өзгерістерін ескере отырып, кезең-кезеңімен түзетіледі.

Ұсынылған өзгерістер ҮЕҰ мен жеке сектор субъектілерінің әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне қатысуын кеңейтеді. Бұл, әсіресе ауылдық елді мекендерде АӘҚ қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, мұқтаж азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етеді және жаңа бәсекелестік ортаны дамытуға серпін береді.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) бойынша комиссияларға жаңа өкілеттіктер беру көзделеді: мүгедектігі бар адамдардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы өтінішін қабылдау және 5 күн ішінде қарау; өнім берушіге өтініш жолдау және оның орындалуын бақылау; жеткізушіні Порталдан шығару және жосықсыз жеткізушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдау.

Әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж адамдарға арнаулы тауарлар мен қызметтерді, қызмет көрсету ұйымдарын таңдаумен қатар оларға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі берілетін болады. Бұл жоба 2025 жылы іске асырылатын болады.

Осы мақсатта Әлеуметтік кодексте:

  1. Әлеуметтік қызметкерлер тізілімін қалыптастыру.

Онда әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі, олар көрсететін қызметтердің түрлері мен сапасы, сондай-ақ жұмыс нәтижелері туралы ақпарат болады.

Тізілім қызмет тұтынушыларына бәсекелестік ортада әлеуметтік қызметкерлерді таңдауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік қызметкерлердің сұранысы олардың жалақы деңгейінде көрініс табады;

       2. Жұмыс берушілердің дайындалып жатқан кадрлардың білім деңгейіне, дағдылары мен біліктіліктеріне қойылатын талаптарын көрсететін әлеуметтік қызметкерлер үшін кәсіптік стандарттарды әзірлеу қарастырылған.

Әлеуметтік жұмысқа біліктілікті бағалаудың тәуелсіз жүйесінен өткен сертификатталған мамандар ғана жіберіледі;

      3. Ұсынылатын қызметтердің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігін ескеретін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы