Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін 432 комбинациядан тұратын Кәсіптер атласы жасалды. Атласты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі адамдардың экономикалық белсенділігін арттыру мақсатында дайындаған.
Елімізде 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Еңбек етуге қабілетті 126 мың адам экономикада жұмыспен қамтылған, бұл шамамен 30%-ды құрайды. Жұмысты жақсырақ таңдау үшін оларға Кәсіптер атласы әзірленді, ол тіршілік-тынысының шектелу түрлері бойынша 432 комбинациядан тұрады, шамамен 3 мың кәсіпті қамтиды. Биыл жұмыспен қамту шараларымен 15 мың адам қамтылды, – деді Серік Шәпкенов.
Министр сондай-ақ әлеуметтік және кәсіби бейімделу мақсатында республиканың барлық өңірінде 19 «Ten Qogam» орталықтары ашылып, жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Орталықтарда психологиялық және құқықтық көмек, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі.
Әлеуметтік оңалту қызметтерін кеңейту үшін министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп балаларға арналған 6 шағын жинақты оңалту орталығын ашты (Павлодар облысы – 150 баланы қамту; Қызылорда – 150; БҚО – 100; Ақтөбе – 350; Ақмола облысы – 100; Нұр-Сұлтан қаласы – 150). Бұл 5,8 мың баланы немесе 47%-ын оңалту қызметтерімен қамтуға мүмкіндік берді, – деп толықтырды ол.
Сондай-ақ ведомство басшысы әлеуметтік қызмет жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ұлттық жоспардың жобасы әзірленді, онда әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіру жөніндегі шаралар ескерілген.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметтерімен қамтуды кеңейту міндеті шешілетін болады. 12 өңірде 2022-2024 жылдары әрқайсысы 150 орындық жаңа оңалту орталығын салу жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жер телімдері бөлінді. Сонымен қатар Nur Otan партиясының бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес, алдағы 5 жылда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында балаларға арналған 15 орталық ашу жоспарланған, – деді министр.