Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік объектілер қаншалықты бейімделген

23 Маусым 2023, 10:22
847
Бөлісу:
Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік объектілер қаншалықты бейімделген

Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету аясында 517 әлеуметтік инфрақұрылым объектісі бейімделді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның ішінде 159 объект ерекше қажеттіліктері бар адамдардың барлық санатына толықтай бейімделген.

Елімізде елде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының жол картасы және 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.

Жоба аясында ел аумағында бейімделуі тиіс 22 мың басым объект анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын осындай талапқа 4400 объект сай келуі қажет. Ал биылғы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 9 128 объект бейімделді.

Түркістан облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1294 объектіні бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта 2021-2023 жылдар аралығында бейімделуге жоспарланған 776 объектінің 517-сінде жергілікті атқарушы органдар тиісті іс-шараларды жүргізді.

Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша аумақтық департаменті жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында аталған 517 объектінің 159-ының толық бейімделгені расталды.

Мәселен, өңірде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қол жетімді:

- мемлекеттік мекемелер – 63 (38 әкімдік, 3 облыстық басқарма, жергілікті атқарушы органдардың 18 бөлімі, 1 мәслихат, 1 сот және т. б.);

- денсаулық сақтау объектілері – 28 (6 емхана, 6 аурухана, 4 медициналық орталық, 3 дәрігерлік амбулатория және т. б.);

- білім беру объектілері – 17 (13 мектеп, 2 университет, 1 институт, 1 колледж);

- әлеуметтік инфрақұрылымның өзге де объектілері – 51 (банктердің 8 филиалы, 7 пошта бөлімшесі, 11 мәдениет үйі, 3 әлеуметтік оңалту орталығы, 3 сауда үйі, 2 қонақ үй, 2 дәріхана, әуежай, автовокзал, стадион, спорт кешені және т.б.).

358 объект ішінара бейімделген деп танылды, олар бойынша 802 бұзушылық анықталды: есту қабілеті бұзылған адамдар үшін – 139; көру қабілеті бұзылған адамдар үшін – 224; тірек – қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін-78, кресло – арбамен қозғалатын адамдар үшін – 361 объект.

Аталған бұзушылықтар осы жылдың соңына дейін толығымен жойылады, объектілердің меншік иелерімен бейімделу жөніндегі іс-шараларды аяқтау үшін түсіндіру және консультациялық жұмыстар жүргізіледі.

Сондай-ақ, 2023 жылдың соңына дейін 259 объектіні бейімдеу жоспарлануда.

Бұдан басқа мемлекеттік бақылау шеңберінде департаментпен мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 70 тексеру жүргізілді, оның ішінде: 43 – азаматтардың жүгінулері бойынша жүргізілетін жоспардан тыс тексерулер және профилактикалық бақылау шеңберінде – 27 тексеру болды.

Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 67 ұйғарым берілді, жалпы сомасы 5,6 млн теңгеден астам сомаға 42 әкімшілік айыппұл салынды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.

Өзгелердің жаңалығы