Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ "Мүгедек тұлғаларды әлеуметтік қорғау" және "Қолжетімділіктің интерактивті картасы" ақпараттық порталдарының қызметін біріктірді.
Енді барлық ақпаратты азаматтар мына портал арқылы ала алады.
Мамандардың жүйені толық жаңғыртуының арқасында оны пайдалану оңтайландырылды. Порталдың негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды Қазақстан бойынша әлеуметтік, коммерциялық, көліктік, тұрғын үй және басқа да нысандардың қолжетімділігі туралы хабардар ету – делінген хабарламада.
Бұдан басқа, жаңа платформада кембағал жандарды қолдау және қорғау жөніндегі арнайы бағдарламалар, қолданыстағы заңнамалар, енгізілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы өзекті ақпарат жинақталған
Сондай-ақ, порталда интерактивті карта енгізілді, онда Қазақстан бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімді 31,5 мыңнан астам нысанның нақты геокоординаттары жүктелген.
Қазіргі уақытта объектілердің қолжетімділігі туралы ақпарат күнде жаңартылып тұрады. Облыстың, қаланың, ауданның, кенттің жергілікті атқарушы органдары жүйеге жаңа салынған немесе жаңғыртылған объектілер туралы мәліметтерді дербес енгізеді. Бұл ақпарат нысандардың қолжетімділік картасында шығады. Портал қолданушылары қандай да бір нысан туралы, ол шын мәнінде қаншалықты бейімделген және ұсынылған ақпаратқа сәйкес келеді деген өз пікірлерін қалдыра алады.
Жақын арада "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ мамандары портал қолданушылары үшін ресми өтініш беру (өтініш жазу, қосымша құжаттар мен фотосуреттерді тіркеу) мүмкіндігін енгізеді. Осылайша, әр азамат кембағал жандар үшін қолжетімді орта құруға қатысуға және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын бақылауға мүмкіндік ала алады.