Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кейбір БАҚ пен әлеуметтік желілерде таратылып жатқан, енді мүгедектігі бар балаларға арналған жәрдемақылар атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде ескерілетіні туралы ақпарат шындыққа сай келмейді.
Жалған ақпараттың таратылу себебі «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі №237-ө бұйрығына (бұдан әрі – бұйрық) енгізілген өзгерістерді дұрыс түсіндірмеу болып табылады.
Ағымдағы жылдың 23 қазанынан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді.
Жоғарыда көрсетілген заңмен мүгедектікті беру жасы 16-дан 7 жасқа дейін төмендетілді, бұл ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға ерте жастан бастап мүгедектік топтарын белгілеуге мүмкіндік берді.
Аталған өзгерістер АӘК тағайындау әдістемесіне әсер етпегенін атап өту қажет. Заңды іске асыру шеңберінде 2021 жылғы 8 желтоқсандағы бұйрыққа енгізілген өзгерістер тек редакциялық сипатқа ие, яғни жәрдемақылар атауы былайша өзгертілді:
1) 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 7 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға ауыстырылды;
2) бірінші, екінші, үшінші топтардағы 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар бірінші, екінші, үшінші топтардағы 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға ауыстырылды;
3) 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақылар 7 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақыға ауыстырылды;
4) бірінші, екінші, үшінші топтардағы 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар бірінші, екінші, үшінші топтардағы 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыға ауыстырылды.
Осылайша, АӘК тағайындау кезінде жоғарыда көрсетілген жәрдемақылар отбасының жиынтық табысының құрамында ескерілмеген және ескерілмейді.
Азаматтардан жалған ақпаратқа назар аудармауды және ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуды сұраймыз.
Жалған ақпарат тарату заң бойынша жазаланатынын естеріңізге сала кетейік.