Семейде әйел аз қамтылған отбасылар мен мүгедектігі бар балалары бар отбасыларға көмектесемін деген ниетпен жиналған қаражатты иемденіп келген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдан 2025 жылдың наурызына дейін қала тұрғыны қоғамдық қорда басшылық қызметті атқарып жүріп, ақша жымқыру схемасын құрған.
Ол адамдарды қордың тұрғын үйді жеңілдікпен сатып алуды қаржыландыруға дайын демеушілері бар екеніне сендірген. Сенімділік үшін әйел пәтерлерді жалған көрсетуді ұйымдастырып, жәбірленушілерді де, қор қызметкерлерін де, құрылыс салушылар мен жылжымайтын мүлік сатушыларын да алдаған, – деп атап өтті Абай облыстық соттарының баспасөз қызметі.
Бастапқы жарна, «жеңілдетілген бағдарламаға» қатысу немесе баспана кезегінде жылжу деген сылтаумен айыпталушы жәбірленушілерден ақша алып, оны өз қажетіне жаратқан. Кейінірек, қор қаражатына қол жеткізген соң, ол жеке шотына тағы 5 миллион теңгеден астам ақша аударған.
Азаматшаға ҚР ҚК-нің 190-бабы – «Алаяқтық», сондай-ақ ҚР ҚК-нің 189-бабы – «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша айып тағылды. Барлығы 29 эпизод қаралып, келтірілген материалдық шығын көлемі 130 миллион теңгеге жуық соманы құрады, – деп толықтырды соттағылар.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, ісіне өкінген. Алайда сот әйелдің бұрын да ауыр қылмыстар үшін сотталғанын анықтады. Сотталушының әрекеті рецидив деп танылды, бұл ҚР ҚК-нің 54-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай болып табылады.
Сот үкімімен қор басшысы кінәлі деп танылып, қылмыстық-атқару жүйесінің максималды қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Қосымша жаза ретінде сот оған коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан 6 жыл мерзімге айыру жазасын тағайындады, - деп жазылған хабарламада.
Жәбірленушілердің материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талаптары сотпен қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында ер адам бұрынғы сүйіктісін сотқа беріп, 2,5 млн теңге талап етті.
Тағы оқи отырыңыздар:
Зейнетақы жинағынан ақша шешпек болған әйел 5 миллион теңгесінен айырылды
Ақтөбеде ЦОН-да жалған құжат жасаумен айналысқан ұйымдасқан топ ұсталды
"Халықаралық нөмірге сенбеңіз". Сарапшы алаяқтардың кезекті айласын түсіндірді