Мұғалімнің жағдайын жақсарту маңызды - Президент

24 Қазан 2023, 12:15
6245
Бөлісу:
Мұғалімнің жағдайын жақсарту маңызды - Президент
Фото: BAQ.KZ - архив

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биыл Жолдауымды жариялаған кезде Парламентке еңбек адамдарын арнайы шақырдым. Олардың қатарында ұстаздар да болды. Қазір – білімнің дәуірі. Білімі озық жұрт даму көшінің алдына шығады. Бұл заманда білімпаздық ең басты қасиеттің біріне айналуға тиіс. Сондықтан, білім саласын дамытуға баса мән береміз, - деді Президент.

Мемлекет басшысы ұстазға барлық жерде құрмет көрсетілуі керек екенін айтты.

Мұғалімнің мәртебесін көтеріп, жағдайын жақсарту өте маңызды. Астанада өткен Ұстаздар съезінде бұл мәселеге арнайы тоқталдым. Өйткені ұстаздар қауымы ұлттың жаңа сапасын қалыптастырады. Мұғалім болып, ұрпақ тәрбиелеу – қасиетті миссия. Елімізде мыңдаған адам осы міндетін адал атқарып жүр. Олар күнделікті еңбегімен Қазақстанды дамытуға зор үлес қосуда. Сол себепті мұғалімдердің қоғамдағы орны ерекше болуға тиіс. Ұстазға барлық жерде құрмет көрсетілуі керек, - деді ол.

Президент бірқатар мұғалім жоғары мемлекеттік марапатқа ие болғанын айтап өтті.

Бірнеше жыл бұрын менің тапсырмаммен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Жақында бір топ педагогті өзім арнайы марапаттадым. Бүгін де осы игі үрдіс жалғасын таппақ. Семей қаласындағы №7 мектеп-лицейдің математика пәні мұғалімі Алма Шүкежанова елу жыл бойы ұрпаққа білім мен тәрбиені қатар беріп келеді. Бүгін Алма Сайдахметқызын «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Сондай-ақ бүгін басқа да бірқатар мұғалім жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды. Осы арқылы мен барша ұстаздар қауымына ерекше ілтипатымды білдіремін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы