Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздік сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Білім саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясы өтіп жатыр.
«Дәстүрге айналған «Тамыз конференциясы» ұстаздар қауымы бас қосатын ауқымды әрі маңызды жиын. Әр адам қандай жетістікке жетсе де, білім берген ұстазын ерекше қадірлейді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебелі мамандық иегерлеріне деген ықыласы ерекше екенін өте жақсы білесіздер. Мен де бүгін сіздермен кездесу үшін осы жиынға арнайы келіп отырмын», - деді мемлекет басшысы.
Тоқаев ең алдымен білім және ғылым саласының барлық қызметкеріне ықыласын білдірді.
«Сіздер еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп келесіздер. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деп ұлы Абай айтқандай ұстаз әрқашан білім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу аса жауапты әрі күрделі іс. Сіздердің арқаларыңызда тұтас бір ұлттың құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халқымыз ұстазсыз адам болмайды, бәріміз де кезінде мұғалімнің тәрбиесін алып, білімін үйрендік. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау өте маңызды міндет», - деп айтты ҚР президенті.
Ол тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы берілетінін атап өтті.
«Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде әрбір тәрбиеші баланы ұлттық дәстүрмен тәрбиелеуге міндетті дейді. Ұлттық құндылыққа тамыры терең, діңі берек болады. Ата-баба аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау ең алдымен жас буынға артылатын үміт. Кейінгі ұрпақ тәуелсіздік туын әрқашан жоғары ұстауы тиіс. Қазір жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгеріс әкеледі. Адам капиталына білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды. Масылдық қоғамға ешқашан жақсылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс. Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек. Бұл үшін бір орында тұрып қалмай іргелі жылжу басты мақсат болуы тиіс. Сондықтан білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз – Қазақстанның жарқын болашағы. Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі күннің негізгі міндеті», - деді Тоқаев Тамыз конференциясында.
Айта кетейік, Тәуелсіздік сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Білім саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясы өтіп жатыр. Дәстүрлі шара мемлекеттік әнұранмен басталды. Одан кейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бірнеше ұстаз, ата-ана мен ғалымға сөз берді. Петропавл қаласынан келген бастауыш сынып мұғалімі Анжелика Икачина ұстаздардың жалақысын өсіру керектігін айтса, оралдық ата-ана Клара Есқалиқызы балалардың тәрбиесі мәселесін көтерді.