Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мұғалімге тіл тигізген оқушы үшін кім жауапты?

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
30 Маусым 2025, 13:17
1595
Бөлісу:
 Үкімет
Фото: Үкімет

Соңғы уақытта балалардың тәртібіне, атап айтқанда мұғалімдерді балағаттауға қатысты ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс қоғамда үлкен пікірталас туғызып жүр. Бұл бастамаға байланысты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бас ұстаздың айтуынша, мұндай тәсіл – тәрбиенің емес, жазалаудың құралы.

Мен педагог ретінде кез келген жаза түріне қарсымын. Біз баланың бойында ішкі жауапкершілік пен мәдениетті саналы түрде дамытуымыз керек. Егер үнемі жазамен тәрбиелейтін болсақ, ол дұрыс нәтиже бермейді, – дейді Бейсембаев.

Оның пікірінше, жазалау шаралары кейде негізсіз шешімдерге әкеліп соғуы мүмкін. Бұл әсіресе мектеп директорлары мен мұғалімдердің әділетсіз жұмыстан босатылуына да себеп болуы ықтимал.

Қоғам жазалау жолынан гөрі, гуманистік бағытқа бет бұруы қажет. Яғни тәрбиелеу мен түсіндіру – басты құралға айналуы тиіс. Бұл тек бір адамның не басшының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті, – дейді педагог.

Ол сонымен қатар журналистерді де ағартушылық қызметтің бір бөлігі ретінде қарастырып, тәртіп пен мәдениетті қалыптастыруда БАҚ пен ұстаздар қауымының бірлесе жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті.

Ең болмағанда бір-бірімізді балағаттамау, қоқыс тастамау сияқты қарапайым мәдениетті қалыптастырудан бастауымыз керек. Осындай ортада біз ең мәдениетті, ең мейірімді халық ретінде өзгелерге үлгі бола аламыз, – деп түсіндірді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Өзгелердің жаңалығы