Мұғалімдердің жалақысы қалай өсті?

Бөлісу:
Мұғалімдердің жалақысы қалай өсті?
Фото: Арман Мухатов - Архив

Қазақстанда 8 мыңға жуық орта білім беру ұйымында шамамен 400 мың педагог қызмет етеді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, олардың 300 мыңға жуығы біліктілік санаттары үшін қосымша үстемеақы алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрлік мұғалімдердің жалақысы соңғы 5 жылда қалай өзгергені туралы ақпарат жариялады.

Жалақы өсімі:

  • 2020 жылдан бері Президенттің тапсырмасына сәйкес педагогтердің жалақысы 100%-ға артты.
  • 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға көтерілді.
  • Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына кәсіпорындардан тартылған мамандарға 30-35% көлемінде үстемеақы қосылды.

Үстемеақы мөлшері:
"Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданғаннан кейін мұғалімдердің жалақысы олардың біліктілігіне, еңбек өтіліне және қосымша жүктемелеріне байланысты есептеледі.

  • Педагог-шебер50%
  • Педагог-зерттеуші40%
  • Педагог-сарапшы35%
  • Педагог-модератор30%
    Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі мұғалімдердің жалақысы қалалық әріптестеріне қарағанда кемінде 25%-ға жоғары.

2024 жылғы көрсеткіштер:

  • 1 мөлшерлеме (16 сағат) бойынша орташа жалақы – 352 мың теңге,
  • Ауыл мұғалімдері үшін 435 мың теңге,
  • 1,5 мөлшерлемемен (24 сағат) жұмыс істейтін педагогтердің орташа табысы 581 мың теңгеге жетті.

Марапаттар мен ынталандыру шаралары:

  • Олимпиада жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдер мен білім беру саласында жетістікке жеткен педагогтер ақшалай сыйақымен марапатталады.
  • 2023 жылы 89 педагог мемлекеттік сыйақының лауреаты атанды, әрқайсысына 3,6 млн теңге (1000 АЕК) көлемінде сыйақы берілді.

Соңғы бес жылда Қазақстанда педагогтердің айлық жалақысы екі есе өсіп, қосымша үстемеақылар мен марапаттар арқылы олардың мәртебесі айтарлықтай көтерілді.

Өзгелердің жаңалығы