Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік желілерде жаңа жылдан бастап педагогтердің еңбекақысы қысқаратыны туралы жалған ақпарат тарады.
Хабарламада еңбекақының 25% өскеніне қарамастан, жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ бергені үшін 30% тең қосымша төлемдер алынып тасталатыны айтылған. Демек, мұғалімдердің табысы 5% төмендейді, - делінген таратылған ақпаратта.Білім және ғылым министрлігі бұның жалған ақпарат екенін хабарлайды.
Жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы бұрынғыдай төленеді. Сонымен қатар келесі жылдың қаңтар айынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша педагогтардың еңбекақысы тағы 25% көтерілетінін еске саламыз. 2020 жылы педагогтардың еңбекақысы 25%, 2021 жылы тағы 25% өсті. Бұдан бөлек, Президенттің қолдауының арқасында, біліктілік санаты үшін қосымша ақы 30-50% дейін ұлғайтылды, - делінген хабарламада.Сондай-ақ, мұғалімдерге дәптерлерді тексеру және сынып жетекшілігі үшін үстемеақыны екі есеге арттырылғанын, сондай-ақ тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу сынды жаңа санат пайда болғанын атап өту керек.
Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрлігі педагогтардың еңбегін ынталандыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде. Барлық шара білім беру ұйымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған. Педагогикалық бағыттар бойынша оқытудың тартымдылығын арттыру үшін осы мамандықтар бойынша білім алып жүрген студенттердің шәкіртақысы биыл қыркүйек айынан бастап 42 мың теңгеге дейін көтерілді, - делінген БҒМ таратқан хабарламада.