Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Мұғалімдердің арасында да бар": Депутат бір-біріне қысым көрсететіндерді заңмен реттеуді ұсынды

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
19 Қараша 2025, 17:56
438
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  - архив
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев ұжымдағы белгілі бір қызметкерге бағытталатын психологиялық қысым мен буллинг мәселесін реттейтін тетіктер енгізуге қатысты ұсыныс жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көп жекеменшік мекемелерде кейбір басшылар, олардың орынбасарлары, тіпті ұжым мүшелері белгілі бір қызметкерлерді ұнатпайды. Оларға қызғанышпен қарап, кейіннен эмоциялық-психологиялық қысым көрсетеді, өсек таратады, әжуалайды, мысқылдайды. Мұның түпкі мақсаты – қызметкердің өзі арыз жазып, жұмыстан кетуіне мәжбүрлеу. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар кейбір мектептерде де кездеседі. Жаңа ұжымдағы мұғалімдерге қысым көрсетілуі мүмкін, - деді депутат Баққожаев.

Оның айтуынша, қазіргі заңнамамызда мұндай жағдайларды реттейтін нақты баптар жоқ. Ал шетелде бұл үшін “мобинг” деген ұғым бар. Онда қызметкерлер заңмен қорғалып, қысым көрсеткен мекемелерге арнайы ауыр жазалар қарастырылған.

Асхат Қанатұлы, фракция ретінде біз осы мәселені заңға енгізу жөнінде ұсыныс жасасақ, сіздің пікіріңіз қандай? Сонымен қатар, мобинг мәселесі бойынша қазіргі Әділет министрлігінің тәжірибесі мен заңнамадағы қолданыстағы тетіктер қалай жұмыс істейді? – деп сұрады ол әріптесінен.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл түзетуді жұмыс тобында міндетті түрде қарастыратынын айтты. Сөзінше, алдымен бұл мәселені зерттеу қажет.

Қазіргі сәтте нақты шешім айту қиын, өйткені оны қалай енгізу, ол қалай жұмыс істейтінін және қандай жаңа тетіктерді қажет ететінін анықтау маңызды. Заң қабылданғаннан кейін ол нақты жұмыс істеуі тиіс. Жалпылама айтатын болсақ, отбасы ішіндегі қарым-қатынастарға, бір ұжымдағы формалды емес қатынастарға немесе бір-біріне қатысты діни және басқа да жеке қатынастарға мемлекеттің көп араласуы дұрыс емес деп есептеймін. Өйткені кейбір қатынастар дәстүр мен қоғамдағы нормалар арқылы реттеледі. Заң барлық мәселені реттей алмайды, заң көбінесе қоғамдағы үлкен, ауқымды мәселелерді шешуге бағытталған, - деп түсіндірді депутат.

Ал отбасы арасындағы, ата-ана мен бала арасындағы немесе ұжым ішіндегі маңызды, бірақ өздігінен реттелетін қатынастарға заң арқылы араласу қалай жүзеге асатыны – маңызды сұрақ.

Аймағамбетов бұл мәселені қарастырып, зерттеп, қажет болса реттеу жолдарын іздейтінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы