Мұғалімдер үш ай бойы жалақы алмаған. Мәселе қашан шешіледі?

Бөлісу:
Мұғалімдер үш ай бойы жалақы алмаған. Мәселе қашан шешіледі?
Фото: BAQ.KZ архив

Түркістан облысында жекеменшік мектеп мұғалімдері үш айдан бері жалақы алмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Хабар агенттігінің хабарлауынша, Түркістан облысында жекеменшік мектеп мұғалімдері үш айдан бері жалақыларын ала алмай отыр. Әбден ашынған ұстаздар бүгін облыстық әкімдіктің алдына жиналып, жанайқайын жеткізген.

Мұғалімдер жалақыларын желтоқсан айынан бері күтіп жүр.

Осыған байланысты Түркістан облысы Білім басқармасының баспасөз қызметіне ресми сауал жолдап, мәселенің шешімі қашан табылатынын сұрап білдік.

Мәліметке сәйкес, 2024 жылдың соңына дейін жекеменшік мектептердегі балаларды қаржыландыру республикалық қаржы орталығы арқылы жүргізілген.

2025 жылдан бастап, жекеменшік мектептердегі қаржыландыру жүйесі жергілікті атқарушы органдарға өтті. Қазіргі таңда республикадан келіп түсетін бюджеттің облыстық бюджетке ауысып, тиісті қаражат қаржы орталығына аударылды. Бұл мәселе бойынша тиісті министрлікпен тікелей жұмыс жүргізілді. Бүгіннен бастап акт ілініп, қаржы орталығы арқылы мектептерге беріле бастайды, - деп жауап берді білім басқармасы.

Түркістан облысында 147 жекеменшік мектеп бар. Онда 55 мыңға жуық бала білім алып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы