Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай сала мамандары марапатталғанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Адами капитал — басты құндылық. Қалаға қарасты барлық ұйымдардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде қаланың тыныс-тіршілігі қамтамасыз етіледі. Әр қызметкер қаланың олан әрі дамуына үлесін қосады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай медицина қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер, педагогтер, инженерлер, машинистер және т. б. мемлекеттік наградаларға ие болды.
"Парасат" орденімен мұғалім Л.Алиева, "Ерен еңбегі үшін" медалімен учаскелік дәрігер-терапевт Г. Қалибекова, еңбек ардагері Б. Қасымбеков, жазушы О. Тұржан, "Шапағат" медалімен жедел медициналық жәрдем жүргізушісі Т. Вергунова және бірқатар медицина қызметкері марапатталды. Сондай-ақ, мәдениет қайраткерлері "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағына ие болды.
ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденімен - "Астана Су арнасы" инженер-жылутехнигі М. Абдрахманов, №1 автопарк жүргізушісі К.Набиев, 2-ЖЭО аға машинисі Р. Тухватуллин, "Астана Тазалық" жүргізушісі Н. Қуанышев, "Астана қалалық жарық" автоэлектригі Ю. Чехко марапатталды.
Сондай-ақ, қала мен елдің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқандар ІІІ дәрежелі "Барыс" орденімен, ҚР Құрмет грамоталарымен және т. б. Марапатталды», - деп жазды елорда әкімі.