Мұғалім үнемі ізденіс үстінде жүруі керек – Шәріпова

2 Қазан 2021, 12:10
4597
Бөлісу:
Мұғалім үнемі ізденіс үстінде жүруі керек – Шәріпова
Сұхбат PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұстаз - ұлы ұғым. Қазақстанда қазанның алғашқы жексенбісінде Мұғалімдер күні мерекеленеді. Атаулы күнге орай ауылдық жерде білім нәрімен сусындатып жүрген мамандарды да ұмытпауға тырыстық. Мереке күні Ақмола облысы Біржан сал ауданы Шәймерден Қосшығұлұлы атындағы Қоғам орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Сандуғаш Шәріповамен әңгімелескен едік.

Сандуғаш Асқарқызы 1970 жылы Біржан сал ауданына қарасты Мақпал ауылында дүниеге келген.

Әкем пошта меңгерушісі, анам мектепте 40 жыл биологиядан сабақ берді. Отбасында 6 ағайынды болып өстік. Көптеген отбасында сияқты біздің жанұяда адалдықты басымдыққа алатын құндылықтар болды. Бауырларымыз арасында да мейірімді болу, біреудің ала жібін аттамау сынды қағидалар алғашқы орында тұратын. Жалпы мұғалім мамандығын анамның арқасында таңдадым десек те болады, - деді Сандуғаш Асқарқызы.
Мұғалім үнемі ізденіс үстінде жүруі керек – Шәріпова

Ұстаз мектеп кезінде анасының мұғалім ретіндегі тұлғасы мақтаныш сезімін ұялататынын айтты.

Мұғалімнің түр-тұлғасы, оның қандай болуы керегі анам арқылы менің санамда қалыптасты. Әрине, кез келген бала өзінің ата-анасын мақтан тұтқысы, үлгі алғысы келеді. Мен үшін бұл тамаша мүмкіндік болды деп ойлаймын. Анам сияқты мен де мұғалім болғым келді. Сондықтан да мақсатты түрде болмаса да, бейсаналы түрде кішкентай кезімнен мамандығымды таңдап қойған да шығармын, - деді ол.
Мұғалім үнемі ізденіс үстінде жүруі керек – Шәріпова

Осылайша, Сандуғаш Шәріпова ұстаздық деген кеменің жетегінде кетеді.

1988 жылдан бастап Мақпал ауылында бір жыл мұғалім болып қызмет еттім. Бір жылдан кейін отбасы құруыма байланысты Қоғам орта мектебіне ауыстым. 33 жыл болды мұғалім болып қызмет етіп келемін, - деді ол.

Сандуғаш Асқарқызы бастауыш сыныбының мұғалімі болудың жауапкершілігі туралы да айтып берді.

Әрине, бастауыш сынып мұғалімі болу үлкен шыдамдылық пен қажырлықты қажет етеді. Себебі біздің қолымызға бала мектеп табалдырығын алғаш аттап, оңды-сол енді ажыратып жатқан кезінде келеді. 4 жыл бойы оның негізін қалыптастырып, әлемге деген көзқарасына алғашқы ұстазының әсері мол болады, - деді Шәріпова.
Мұғалім үнемі ізденіс үстінде жүруі керек – Шәріпова

Оның айтуынша, мұғалімге ең қажет қасиет ол – адамгершілік.

Оқушыны өз балаңдай сүйе білу керек. Оның жанын түсіне білеуің керек. Оған білім нәрін сусындатып, қандайда бір дағдыларды қалыптастыру үшін шыдамды болуың да керек. Әрине, ұстаз бен бала арасындағы этика мәселесі де бар. Ұстаз өз оқушыларына үлгі бола алатындай білімді, білікті, салмақты әрі инабатты тұлға болуы керек деп ойлаймын. Себебі енді жетіліп келе жатқан оқушылардың дүниені қабылдауы ұстазына да қатысты болады, - деді мұғалім.

Сандуғаш Шәріпова 4 баланың анасы. Мектепте мұғалім, үйде ана болудың машақаты туралы да айтып берді.

Бұл қиын емес деп ойлаймын. Балалардың барлығы ер жетті. Тұла бойым тұңғышым Разия эпидемиолог дәрігер, екінші ұлым Әділхан банк қызметкері, Қанай деген ұлым биыл жер қатынастары мамандығын тәмамдады. Кенже қызым Алматыда студент. Балалардың кішкентай ауылда жетіліп, ірі мегаполистерде қоғамға үлесін қосатын іспен айналысып отыруы да мектепте алған білімнің нәтижесі деп білемін, - деді ол.
Мұғалім үнемі ізденіс үстінде жүруі керек – Шәріпова

Ұстаздың айтуынша, мұғалім болу үшін де отбасының қолдауы керек.

Жолдасым да, балаларым да үнемі мені қолдап отырады. Жолдасымның ауылда шаруа қожалығы бар. Мал, егін шаруашылығымен айналысады. Мектепке де көп жыл бойы демеушілік жасап жүр. Осындай қолдаудың нәтижесінде жемісті жұмыс істеп жатырмын деп ойлаймын, - деді ол.

Ұстаздың айтуынша, мұғалім үшін біліктілікті арттыру да үлкен маңызға ие.

Үнемі шыңдалудың маңызы зор. Облыс, аудан, республикалық деңгейдегі курс, семинарларға барып тұрамыз. Білімнің көкжиегін кеңейтіп, газет пен журналдарды оқуымыз да үзілмейді. Себебі қазіргі заманның ағымы жылдам. Ақпарат та толассыз. Осындай қарқында мұғалімнің бәсекеге қабілетті болуы да міндет болып отыр, - деді ол.

Сандуғаш Асқарқызы Шәймерден Қосышғұлұлы атындағы Қоғам орта мектебінде 30 жылдан астам уақыт жұмысы кезінде аудан, облыс, республикалық деңгейдегі марапаттарға да ие болған.

2005 жылы ауыл мектебінің ең үздік мұғалімі байқауына белсене қатысқаным үшін Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның атынан алғыс хат алғаным есімде. Әрине, ауыл мен қала мұғалімдерінің мүмкіндіктерін салыстыруға келмейді. Дегенмен ауылдық жердегі мектептердің білімі де кем емес. Оны орта мектептен түлеп ұшқан түлектердің жеткен жетістіктеріне қарап айтуға болады. Қазір мұғалімдерге жақсы жағдай жасап жатыр деп ойлаймын. «Ұстаздардың мәртебесін көтеру туралы» заң да қабылданды. Жалпы пандемия кезінде ең қажет мамандықтардың қадірі білінді, - деді Сандуғаш Асқарқызы.

Сондай-ақ Сандуғаш Асқарқызы барша әріптесін меркемен құттықтады.

Қазақстанның барлық мұғалімін мерейлі мерекемен құттықтаймын. Жұмыстарына табыс тілей отыра, осынау бір күрмеуі көп ұстаздық деген жолда шығармашылық тілеймін. Шәкірттеріңіздің құрметі мен махаббатына бөленіңіздер. Шығармашылық ізденістер, ғылыми жаңалықтарыңыз арта берсін. Мерекелеріңізбен, мерейлеріңізүстемболсын, - деп түйіндеді ол өз сөзін.

Өзгелердің жаңалығы