Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған балаға қатысты азғындық жасады деп айыпталған педагогқа үкім шығарылды. Ол 12 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жәбірленушіге қатысты құшақтасу, қол тигізу және басқа да әдепсіз әрекеттер арқылы жасалған азғындық әрекеттері анықталды, - деп үкімді судья Ғани Құлдасов жариялады.
Іс материалдарынан мұғалім 8-сынып оқушысын серуендеуге шақырып, оны көлікке отырғызып, қаңырап қалған жерге апарғаны белгілі болды. 14 жасар қыз полицияға хабарласқан ата-анасына не болғанын айтты. Оқиғадан кейін оқушының мінезі тұйықталып, басқалармен қарым-қатынасты тоқтатты. Онымен психологтар жұмыс істеді, ал мектеп әкімшілігі оқушыны Қашықтықтан оқытуға ауыстырды.
Сот ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабының 2-тармағы бойынша "кәмелетке толмағандарға қатысты азғындық әрекеттер" бойынша мұғалімді кінәлі деп таныды және педагогикалық лауазымдарды атқару және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 12 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады.
Бұрын ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Ол үйленген және бес бала тәрбиелеп отыр. Мұғалім ретіндегі жұмыс өтілі – 16 жыл.