Германияда мұғалім ұзақ уақыттық ауру демалысында жүрген кезінде телебағдарламаға қатысып, дау тудырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Daily Star басылымына сілтеме жасап.
35 жастағы Доминик В., Кельн қаласындағы мектептердің бірінде ағылшын тілі мен география пәнінен сабақ берген. Ол бір жылдан астам уақытқа созылған ауру демалысына шыққан. Алайда осы аралықта ол екі аспаздық телешоуға қатысып үлгерген. Мұғалім 2024 жылдың тамызында Vox арнасындағы «Керемет кешкі ас» бағдарламасында жеңіске жетіп, 3 мың еуро (1 560 000 теңге) ұтып алған.
Кейінірек, 2025 жылдың сәуірінде ZDF арнасындағы «Ас үйдегі шайқас» шоуына да қатысқан. Осыдан кейін қалалық билік Доминикке қатысты қызметтік тергеу бастаған.
Кельн әкімшілігінің баспасөз қызметі тексеріс басталғанын растады. Тергеу нәтижесінде мұғалімге сөгіс жариялау, жалақысын қысқарту, басқа қызметке ауыстыру немесе жұмыстан босату шаралары қолданылуы мүмкін.
Еңбек құқығы жөніндегі заңгер Николь Мучке түсіндіргендей, қызметкерлер ауру демалысы кезінде сауығуға кедергі келтірмейтін кез келген іспен айналысуға құқылы. Алайда аспаздық шоуларға қатысу оның нақты еңбекке жарамсыздығына қайшы келе ме, жоқ па – бұл мәселе сот тәртібімен анықталады.
Бұған дейін мұғалім 16 жыл "больничныйда" болып, 500 миллион теңге жалақы алғаны жайлы хабарлаған болатынбыз.