Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Рамазан айында бағаны шарықтатып жіберген дәмханаларға үндеу жасап, бағаны арзандатуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы мүфтияттың баспасөз қызметі жазды.
Қасиетті Рамазан – мұсылман баласын рухани тәрбиелеп, қарапайымдылық пен кішіпейілдікке баулып, дәулетті мен мұқтаждың арасын жақындастыра түсетін ай. Бұл айда жасалатын әрбір жақсылықтың сауабы еселенеді. Сондай-ақ мұқтажға қол ұшын беру – үлкен сауапты іс. Сол сауапты істің бірі – аузы берік жанға ауызашар беру. Өкінішке қарай, соңғы кездері еліміздегі бірқатар мейрамхана, кафелер мен дәмханалардың иелері ауызашар мәзірінің бағасын өте жоғары ұсынып, халық арасында түсінбеушілік туындатуға себепші болды, - деп жазды мүфтият.
"Асыл дініміз ауызашар дастарқанында ас та төк ысырапқа жол беруге, дастарқан жасауда бәсекелесуді құптамайды" дегенді алға тартқан ҚМДБ ауызашардағы тамақ барынша қарапайым болу керектігін айтты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мейрамхана, кафелер мен тамақтану орындарының иелеріне халыққа қолжетімді қарапайым ауызашар мәзірін ұсынуға шақырады, - деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметі.