Алматы көшелерінде электровелосипед қаптап, жаяу жүргіншілерге қауіп төндіруіне байланысты электрокөлік иелері оларды тіркеуі керек, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласы ПД Процессинг орталығының бастығы Айдын Меркімбаевтың айтуынша, бүгінде көптеген электрвелосипед модельдері 40-45 км/сағат жылдамдықпен жүре алады, ал қозғалтқыш қуаты 40 Вт және одан да жоғары. Бұл оларды мопед санатына жатқызады.
Егер қуаты 250 Вт-тан асып, жылдамдығы 25 км/сағ-тан жоғары болса, көлік құралы автоматты түрде мопедке теңестіріледі. Демек, ол міндетті түрде тіркеуден өтуі тиіс, техникалық паспорты, мемлекеттік нөмірі, сақтандыруы болуы қажет. Сондай-ақ оны А, А1 немесе В санатты жүргізуші куәлігі бар тұлғалар ғана басқара алады, – деді ол.
Оның айтуынша, мұндай шара ең алдымен иелерінің өз қауіпсіздігі үшін қажет. Себебі егер велосипед ұрланса немесе жоғалса, тіркелмеген көлікті іздеу қиын, ал иесінің меншік құқығын дәлелдеуі де оңай емес. Сонымен қатар сақтандыру болмаған жағдайда жол апатының барлық салдары тікелей жүргізушінің өзіне жүктеледі.
Пайдалану ережелерін сақтамау тікелей жол-көлік апаттарына және жалпы жолдағы тәртіпке әсер етеді. Алматы полициясы жеке мобильді құралдардың қатысуымен болған апаттардың өсіп келе жатқанын тіркеп отыр. Иә, көбінесе бұл самокаттар, бірақ электровелосипедтер де жол инфрақұрылымының бір бөлігіне айналып келеді және заң бойынша оған сай болуы тиіс, – деп толықтырды ол.
Электровелосипедтер арнайы жолақтармен немесе қозғалыстың оң жақ жолағымен жүруі тиіс.
Тіркеу тәртібі: иелеріне арнайы ХҚКО-ға бару қажет, онда электровелосипед техникалық тексеруден өтеді және оған VIN-код беріледі. Содан кейін иесі ХҚКО қызметкеріне өтініш жазып, мемлекеттік нөмір алады. Электровелосипедті көлік құралын сатып алғаннан кейін бірден тіркеу қажет. Заң күшіне енгеннен кейін мұндай азаматтар жол қозғалысының толыққанды қатысушыларына айналады.
Егер электровелосипед тіркелмесе, бірақ иесі оны қолданып жүрсе, оған 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады, ал көлік айыптұраққа қойылады.