Мониторинг жүргізген депутаттар сұранысқа ие дәрілерді таппады

13 Шілде 2020, 19:09
1236
Бөлісу:
Мониторинг жүргізген депутаттар сұранысқа ие дәрілерді таппады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаттары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерімен Ақтөбедегі дәріханаларды тексерді. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтөбе облысының тұрғындары үшін дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі әлі де өзекті мәселе болып отыр. Мәжіліс депутаттары Ақтөбе қаласының ірі дәріханалық желілеріне мониторинг жүргізу мақсатында осындай қорытынды жасады. 

Мәжіліс депутаттары Глеб Щегельский мен Құралай Қаракен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі және "Ақтөбе - адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің қызметкерлерімен бірге Ақтөбе қаласындағы "Миллениум", "АРС", "Айболит", "Биосфера" сияқты ірі дәріхана желілеріне мониторинг жүргізді. 

Бүгінгі таңда облыс тұрғындары коронавирус індетімен және пневмониямен ауырғандар санының өсуіне алаңдап отыр. Осыған орай, тұрғындар бірнеше рет Парламент депутаттарына жағдайға назар аударып, дәріханаларға бақылау жасау қажеттігі туралы айтқан болатын. 

"СК-Фармация" бірыңғай операторының аймақтарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету туралы таратылған ақпаратына қарамастан, Ақтөбеде медициналық препараттардың жетіспеушілігі проблемасы әлі де өзекті болып отыр. 

Мониторинг нәтижелері көрсеткендей, тексерілген дәріханаларда "Цефтриаксон", "Цеф ІІІ", "Метрид", "Лавомакс", "Парацетамол", "Цефазолин", "Аскорбин қышқылы", "Лидокоин гидрохлориді", "Амбро" және т. б. сияқты бүгінгі таңда сұранысқа ие дәрілік препараттардың жоқтығы байқалады. 

Жұмыс тобы мүшелерінің және дәріхана өкілдерінің айтуынша, жақын арада оларға берілген өтінімдерге сәйкес қажетті дәрі-дәрмектер түседі деп күтілуде. Қазіргі уақытта дәріханалар штаттық режимде жұмыс істеуде.


Өзгелердің жаңалығы