Молодежный кентіндегі жылудың жыры биыл шешіле ме?

6 Тамыз 2024, 16:15
358
Бөлісу:
Молодежный кентіндегі жылудың жыры биыл шешіле ме?
Фото: BAQ.KZ -архив

Қарағанды облысының Осакаров ауданының Молодежный кентінде блок-модулді қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Молодежный тұрғындарының жан ашуына айналған жылудың жырын шешуі тиісті жаңа қазандық жылыту маусымы басталғанша салынып бітеді деп күтілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.

 

Облыс орталығынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан Молодежный қала типтес кент. Елдімекендегі үйлердің 95 пайызы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Кенттегі тұрғын үйлерді, әлеуметтік мекемелер мен жекеменшік нысандарды екі қазандық жылумен қамтамасыз етеді. Оның бірі «Қаныш Сәтбаев» атындағы каналға, екіншісі коммуналдық мекеме «Сарыарқа-2017» ЖШС-не қарасты.

Соңғы жылдары Молодежныйлықтар үшін қыс оңайға соқпай жүр. Кент тұрғындары қыс келсе бойларын жылыта алмай, жылуға жарымай дірдектеп жүруге мәжбүр.

Кей күндері пәтеріміздегі температура 10-12 градустан жоғары көтерілмейді. Тіпті тәуліктеп жылусыз отыратын күндеріміз де болады. Қаншама жыл бойы жылудың жырын жырлап келеміз. Өткен жылы үкіметтен комиссия шақыруға да оқталдық. Қыста жылудың дұрыс берілмеуі салдарынан үйлеріміздің қабырғалары жарылып, терезелер шытынап жатыр. Әкімдіктегілер жыл сайын жылу мәселесін шешуге уәде бергенімен, еш нәтиже болмай келеді, - дейді жылудың зардабын тартқан кент тұрғыны Абай Бекмырза.

Шенеуіктер кенттегі жылу қазандықтарының ескіргендігін, жыл сайын оларды жөндеуге қаржы бөлінгенімен, әбден тозығы жеткен қазандықтарды қалпына келтіруге бұл шаралар жеткіліксіз екендігін айтады. Кенттегі жылу мәселесін түбегейлі шешу үшін биыл көктемде кентте қуаттылығы 15 МВт жаңа блок-модульді қазандықтың құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 850 миллион теңгені құрайды.

Кент тұрғындарын жылумен қамтамасыз етіп келген қазандық «Қазақмыс» корпорациясының «Борлы» разрезінің қарамағында болған еді. 2018 жылы жылу маусымы басталған уақытта қазандық әкімдіктің қарамағына өтті. Оның жағдайы өте мүшкіл еді. Жыл сайын облыстық және аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, ескірген қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізілгендігімен бұл шаралардың тиімділігі төмен болды. Жалпы алғанда аталған қазандық көмір мен электр энергиясын тұтыну жағынан және қызмет көрсету бойынша шығын көп кететін нысан болды. Өткен жылыту маусымында қазандық істен шығып, тұрғындар жылусыз қалып, көптеген шағымдар түсті. Бұл қазандықтың бар мүмкіндігі сарқылды. Осыған байланысты кентте блок-модулді қазандық салу жайлы шешім қабылданған болатын, - дейді Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов.

Молодежный кентінің тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз ететін модулді қазандықтың құрылысы мамыр айында басталған. Аудан әкімінің сөзінше, мердігер компания құрылыс жұмыстарын 2024-2025 жылыту маусымына дейін аяқтауды көздеп отыр.

Сондай-ақ, Молодежный тұрғындарын жылумен қамтитын екінші қазандықты да жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. «Қ.Сәтбаева» каналына қарасты қазандықты жөндеуге облыстық бюджеттен 230 миллион теңге қаржы бөлінген. Қаржы негізгі және қосымша құрылғыларды жөндеуге жұмсалмақ. Дегенменде билік өкілдері бұл қазандықты да толық жаңартуды жоспарлап отырғандықтарын айтады.

Бұл қазандық өткен ғасырдың 60-шы жылдары қолданысқа берілген. Орталықтандырылған жылу жүйесі 1188 пәтерді, 7 бюджеттік мекемені, 74 заңды жекеменшік нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Бұл кенттің жылу жүйесінің 63%-ын құрайды. Кәсіпорын қарамағында 1,447 шақырым жылу желісі бар. Қазандықта пайдаланылатын құрылғылар тозығы жетіп, әбден ескірген, әрі экологиялық талаптарға сай емес. Сондықтан да кентте тағы бір модулді қазандық салуды жоспарлап отырмыз, - дейді аудан әкімі Руслан Нұрмұханбетов.

Молодежный кентінде 6 мыңнан астам халық тұрады. Тұрғындар көптеген жылдар бойы сапалы жылу берілмеуінің салдарынан қақаған қысты әупірімден өткізіп келеді. Олар жаңа қазандық жылу мәселесін біржола шешеді деп үміттенеді.

Біз жыл сайын жылудың зардабын көріп келеміз. Бірнеше жыл қатарынан батарейларымызға жылу дұрыс келмейді. Қыс бойы үйде жылы күрте киіп, қалың көрпеге орануға мәжбүрміз. Қосымша жылытқыш құрылғыларын пайдаланамыз. Осылайша жылуға да, тоқ көзі үшін де ақша төлеуге тура келеді. Жыл сайын әкімдіктегілер қазандықтағы құрығыларды ауыстырып жатырмыз деп мәлімдеме таратады. Ал қыс келсе баяғы жартас сол жартас. Осы қыста тіпті 4 күн мүлдем жылусыз отырған уақыттарымыз да болды. Енді биыл жаңа қазандық салып жатырмыз дейді. Жаңа қазандық жылыту маусымына дейін салып бітсе деп үміттенеміз, - дейді кент тұрғыны Назерке Смағұлова.

Сондай-ақ, кентте 1,61 шақырым жылу торабы жөнделіп жатыр. Жөндеу жұмыстарына бюджеттен 189,4 млн теңге қарастырылған. Шенеуіктер жылыту маусымына дайындық үнемі бақылауда екендігіне айтады. Қыс түсе баспаналарынан береке қашатын Молодежныйлықтар болса биыл сапалы жылумен қамтамасыз етіліп, жылудың жыры түбегейлі шешілетіндігінен үмітті.

Өзгелердің жаңалығы