Жамбыл теміржолына қарайтын «Жастар» станциясына өткен жылы модульдік үйлер жеткізілген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шу-Мойынты телімінің бойындағы «Жастар» станциясының бастығы Нұрсұлтан Бөлдеш шағын бекеттің шаруасымен, ауысыммен жұмыс істейтін теміржолшылармен таныстырды. Күнделікті қажеттілігіне қарай 2-3 адамды кезекшілікке шығады екен. Жалпы 3 кезекші, 5 механик жұмыс істейді. Олардың көбі Сарышаған секілді жан жақтағы елдімекендерден қатынайды екен.
Тұрғын үйлер аз болғандықтан, «Жастар» станциясына қазір жолаушылар пойызы тоқтамайды. Солтүстік пен оңтүстікке қатынайтын жергілікті пойыздар, №113 «Алматы – Қазан» пойызы ғана тоқтап өтеді. Шағын болса да күрежолдың бойында, қозғалыс қауіпсіздігіне үлкен станциялармен бірдей жауаптымыз. Сондықтан станцияда тәулік бойы кезекшілік ететін теміржолшыларға қолайлы жағдай жасалуы аса маңызды. Бұрын олар жатақханаға барып жататын. Кейін ары-бері қатынау қиындық туғызған соң, станциядан бір бөлмені арнайы жабдықтап бердік. Дәлізге стол қойып, сонда тамақтанатын. Өткен жылы анау тұрған модульдік үй келіп, қазір соның бәрі шешімін тапты, - дейді Нұрсұлтан Бөлдеш.
Жамбыл магистарльдық желі бөлімшесі басшылығы былтыр қараша айында алынған үш модульдік үйдің біреуін Сарышаған сингализация және байланыс дистанциясына беріп, олар өз кезегінде желтоқсан айында оны шалғайдағы осы «Жастар» станциясына қойыпты. 2022 жылы екеуін алып, олар Навалы мен Көктас станцияларына қойылған болатын.
Былтырғы желтоқсанда 4 адамға арналған осы модульдік үй келіп, жанымыз кіріп қалды. Шағын ғана болса да ішінде жанға қажеттің бәрі бар. Тоңазытқыш, қысқатолқынды пеш, екі электр пеш, теледидар, қолжуғыш пен душ дейсіз бе, бір сөзбен айтқанда, жан шақырып, жағдайымыз жақсарып қалды. Теледидар ютубқа қосылған, интернет байланысы жақсы. Кондиционерге дейін қойып берді. Жаздың аптап ыстығында тіпті рахат болатын болды. Душтан да, краннан да ыстық-суық су үзілмейді. Шүкір, теміржолшылардың тұрмыс және еңбек жағдайын жақсартуға кейінгі жылдары көп көңіл бөлініп келеді, біз де міне игілігін көріп отырмыз, - дейді түскі астың қамын жасап, стол әзірлеп жатқан электрмеханик Қадырхан Майбасов.
Әрине, жағдай жайлы болған соң, жұмысқа деген жауапкершілік те, ынта да басқаша болады. Теміржолшылар аз уақыт ішінде «өз үй-өлең төсегіне» айналып үлгерген осы бір ұядай үйге көңіл бөліп, ауыстырып ұстайтын 8 төсек-орын мен асүй жабдықтарын таза ұстауға тырысады.
Сарышаған сигнализация және байланыс дистанциясының бас инженері Мақсат Исаев былтыр қараша айының соңында үш модульдік үй жеткізілгенін айтты. Шағын, қолайлы да жайлы үй. Ішінде керектінің бәрі бар. Биыл алған үшеудің бірін осы «Жастарға» бердік, қалған екеуін де дайындап қойдық. Оларды Шешенқара, Ақжолтай станцияларына орнататын боламыз, - дейді Мақсат Сейдалыұлы.
Ардақ Үсейінова,
Жамбыл облысы