Үндістан Сейшель аралдарына 175 миллион доллар көлемінде экономикалық қолдау пакетін беретінін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, оның 50 миллион доллары қайтарымсыз грант ретінде бөлінеді.
Үндістан Сыртқы істер министрлігінің жазбаша мәлімдемесінде ел премьер-министрі Нарендра Модидің ресми сапармен келген Сейшель аралдарының президенті Патрик Эрминемен кездескені айтылған.
Келіссөздер қорытындысында тұрақты даму, экономикалық өсім және қауіпсіздікті нығайту мақсатында екі ел арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған бірлескен тұжырымдама құжаты қабылданғаны хабарланды.
Тараптар көшбасшылар, министрлер және жоғары лауазымды тұлғалар деңгейінде саяси әрі әлеуметтік-экономикалық байланыстарды тереңдетуге, сондай-ақ парламенттер арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты.
Нью-Дели үкіметі жариялаған 175 миллион долларлық экономикалық пакеттің 125 миллион доллары үнді рупиясымен берілетін несие түрінде, ал 50 миллион доллары грант ретінде ұсынылады.
Бұл қолдау пакеті даму саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, азаматтық және қорғаныс қызметкерлерінің әлеуетін арттыруға, сондай-ақ теңіз қауіпсіздігі мәселелеріне бағытталған.
Келіссөздерден кейін баспасөзге жасаған мәлімдемесінде
Біз бірге тек екіжақты ынтымақтастықты ғана емес, Үнді мұхитындағы ортақ болашағымызды да қалыптастырамыз, – деді премьер-министр Моди.
Үндістан мен Сейшель аралдары дипломатиялық қатынастарды 1976 жылы орнатқан.
Екі ел арасындағы сауда айналымы да өсіп келеді: 2024 жылы Сейшель аралдары Үндістаннан 91,73 миллион доллар көлемінде тауарлар мен қызметтер импорттаған, ал Үндістанға жасаған экспорты шамамен 2,46 миллион долларды құраған.