Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мобильді зертхана: ЖИ ауыл дәрігеріне көмекші болды

3 Қазан 2025, 15:09
424
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 форумының аясындағы көрмеде түрлі инновациялық жобалар таныстырылды. Отандық IT-шешімдер мен жаңа технологиялық өнімдер арасында денсаулық сақтау саласына арналған ерекше жоба да көпшіліктің назарын аударды. Соның бірі – ауыл тұрғындарына арналған мобильді денсаулық кешені, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа құрылғы шалғай елді мекендерде толыққанды шағын зертхананың қызметін атқарып, телемедицина арқылы науқастарға білікті көмек алуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда ауыл тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында жаңа мобильді денсаулық кешендері іске қосылды. Жаңа технологиялық құрылғы шалғай елді мекендерде шағын зертхананың қызметін атқарып, телемедицина арқылы науқастарға білікті көмек алуға мүмкіндік береді.

Толыққанды шағын зертхана

Ұзындығы небәрі 1,365 мм кешен артериялық қысымды, сатурацияны, пульсті өлшейді, 12-каналды ЭКГ жасайды. Сонымен қатар зәр мен қанға жедел талдау жүргізуге, өкпенің көлемі мен обструкциясын анықтауға, жүкті әйелдерге арналған феталды доплер мен портативті УДЗ арқылы қажетті тексерулер жүргізуге мүмкіндік береді. Яғни ана құрсағындағы баланың жағдайын да бақылай алады.

Электронды журнал және телемедицина

Кешенге енгізілген планшет науқастың барлық көрсеткішін автоматты тіркеп, деректерді дәрігерлерге онлайн жеткізеді. Осылайша кардиолог, терапевт немесе пульмонолог бейнеқоңырау арқылы қашықтан кеңес беріп, науқасты қабылдай алады.

Бұл – нағыз телемедицинаның мүмкіндігі. Бұрын ауыл тұрғындары қарапайым тексеруден өту үшін 200-300 шақырым жердегі аудан орталығына баруға мәжбүр болатын. Қазір барлық процедура ауылда жүргізіледі, – дейді жоба жетекшісі Аслан Тілеуленов.

Мобильді зертхана: ЖИ ауыл дәрігеріне көмекші болды

Ауыл тұрғындарына қолайлы шешім

Барлық құрал шағын сөмкеге жиналады. Фельдшер немесе медбике ауырып жатқан науқастың үйіне барып-ақ тексеріс жүргізе алады. Бұл, әсіресе, жүріп-тұруы қиын, егде жастағы адамдар үшін өте ыңғайлы.

Жасанды интеллект дәрігердің сенімді серігі

Кешенге енгізілген жасанды интеллект жүйесі алдын ала диагноз қоюға көмектеседі. Мысалы, ЭКГ түсірілгенде жасанды интеллект нәтижені автоматты түрде шығарады. Кардиолог келіссе, ол ресми қорытындыға айналады.

Бұл дәрігердің уақытын үнемдеп, науқасқа шұғыл көмек көрсетуге жағдай жасайды. Қажеттілігі мен шұғылдығына қарай медавиация шақырып, әрі қарай науқасты ауруханаға әкетуге көрсеткіш болады, – дейді жоба менеджері Багир Ибрагимов.

Мобильді зертхана: ЖИ ауыл дәрігеріне көмекші болды

Әлеуметтік маңызы

Қазіргі таңда Қарағанды облысының 120-дан астам ауылында кешен қолданыста. Жергілікті тұрғындар оң пікір білдіруде. Мәселен, өңірдегі Баршын ауылында жүйе жүрек талмасы бар науқастың өмірін сақтап қалған.

Жүйе жасырын диабет пен гипертонияны ерте анықтайды. Ерте қойылған диагноз – науқастың да, мемлекеттің де шығынын азайтады, – дейді жобаның ұйымдастырушылары.

Отандық өндіріс

Жабдық Алматыда құрастырылған, ал Астанада жаңа зауыт салынуда. Бұл – отандық өндірістің дамуына және телемедицинаның жаңа деңгейге көтерілуіне серпін береді.

Жобаның басты мақсаты – ауылдағы халықтың денсаулығын сақтау және заманауи медициналық қызметті барынша қолжетімді ету. Әлемнің кез келген жеріндегі дәрігер науқасты қашықтан бақылап, нақты шешім қабылдай алады, – дейді жоба басшылары.

Өзгелердің жаңалығы