ММА өкілдері Самусев пен Жәнібек уулу арасындағы жекпе-жеке қатысты өз ойларын білдірді

19 Наурыз 2021, 14:40
1942
Бөлісу:
ММА өкілдері Самусев пен Жәнібек уулу арасындағы жекпе-жеке қатысты өз ойларын білдірді

Алматы, BAQ.KZ. NAIZA Fighting Championship промоушенінің уақытша чемпионы атағы үшін қазақстандық файтер Николай Самусев пен қырғыз батыры Қаныбек Жәнібек уулу арасындағы кездесу миксфайттың жанкүйерлері арасында дау-дамай мен тартысты өрбітуді жалғастыруда. 

Жанкүйерлер, спорт сарапшылары, кәсіби жауынгерлер - бүкіл ММА қауымдастығы NFC 30 басты оқиғасын асыға күтуде.

Бұл жекпе-жектің шешуші факторы не болмақ? Самусевтің соққы жасаудағы басымдылығы ма әлде Жәнібек уулуның төзімділігі мен жоғары санатты грэпплингі ме?

ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, ММА және джиу-джитсудан 4 дүркін әлем чемпионы Айдар Махметов қарсыластардың жеңіске жету мүмкіндіктері туралы пікірімен бөлісіп, жауынгерлердің мықты жақтарын атап өтті.

Сөз жоқ, бізді қызықты қақтығыс күтеді. Біз соққы жасау шебері мен палуан арасындағы классикалық жекпе-жекті көреміз. Қаныбек Жәнібек уулу қоянқолтық күрестің маманы, оған қоса тамаша грэпплинг пен жоғары төзімділікке ие. Әр жекпе-жектің алдында ол 20 кг салмақ тастағанымен, ұзақ бәсекеге шыдамды. Жауынгер мығым денелі, сондай-ақ оның қазақстандық ММА жауынгерлерімен кездесу бойынша тәжірибесі бар. Қаныбек тек жеңіс үшін келеді және NFC белбеуін иеленуге бар күшін салуға сақадай сай. Николай Самусев - тай боксынан әлем чемпионы, бірнеше жыл бұрын ол ММА-да өз күшін сынап көруді шешті. Ол күрес тәсілдерін және қарсыластан аяққа өтуден қорғану тұрғысынан өзін үнемі жетілдіріліп отырады және грепплингті жақсы игерді. Жауынгер өте күшті, екі қолымен де жойқын соққы жасай алады. Оның үстіне, оның соққысы қарсыласын нокаутқа түсіреді. Николайдың басты міндеті - Қаныбекті аяққа өтуге жібермеу. Николай қырғыз файтерінің осындай талпыныстарына алғашқы раундтарда төтеп бере алса, Самусев Қаныбекке қарағанда үш есе аз жекпе-жекке өткізгендігіне қарамастан, кездесудің жеңімпазы атана алады. Жеңіске Самусев жетеді деп ойлаймын, - деп түсіндірді сарапшы.

DAR Pro Team командасының өкілі, тумысы қазақ, ресейлік ММА жауынгері Дамир Исмағұлов та алдағы жекпе-жекке қатысты өз болжамын айтты.

Қырғыз ММА жауынгерлерінің мықты физикалық мүмкіндіктерін айтып өткім келеді. Менің ойымша, бұл бәсекеде Қаныбек күш пен қуатқа сүйенеді. Ал Николаймен біз бұрыннан танысбыз, ол менің спаррингтік серіктесім болды және маған UFC жекпе-жектерін дайындалуыма көмектесті. Оның арсеналында тай боксының дағдылары бар және ол үнемі өзін жетілдіріп, дамып келеді. Соңғы уақытта ол жаңа деңгейге жетті, біз оны анық байқадық. Жекпе-жекке қатысты менің болжамым - Самусевтің екінші раундта мерзімінен бұрын жеңісі,-дейді Исмағұлов. 

Естеріңізге сала кетейік, 9 сәуірде NAIZA Fighting Championship промоушні ММА жанкүйерлеріне тартысты кездесулердің топтамасын ұсынады. Кештің басты оқиғасы - 65,8 килограмм салмақ дәрежесінде NFC лигасының уақытша чемпионы атағы үшін қазақстандық файтер Николай Самусев (6-0) пен Қырғызстаннан келген Қаныбек Жәнібек уулу (11-3) арасындағы айқас.

Ивенттің тікелей көрсетілімі Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 19:00-де басталады және оны NAIZA TV Youtube-арнасынан тамашалауға болады.


Өзгелердің жаңалығы