Митинг туралы заң еліміздегі саяси процестерді либерализациялауға бағытталған

14 Мамыр 2020, 15:02
1997
Бөлісу:
Митинг туралы заң еліміздегі саяси процестерді либерализациялауға бағытталған
Фото: ашық дереккөз

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасы еліміздегі саяси процестерді либерализациялауға бағытталған. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова тілдесу барысында айтты.

"Ел ішіндегі қоғамдық талқылауларды және халықаралық ұйымдар тарапынан түскен ұсыныстарды ескере отырып, біз заң жобасының кейбір нормасын әлі де пысықтау қажет екендігін байқап отырмыз. Осы бағытта Парламенттің жоғарғы палатасы белсенді жұмыстар атқаруда, - дейді ол. 

Оның айтуынша, бейбіт жиналыстар туралы заң жобасының озық новеллаларының бірі пикеттер, жиналыстар, митингілер үшін арнайы орындардың нақты саны қаланың әрбір ауданының немесе қаланың орталық бөліктерінде үштен кем болмауы керек деп белгіленуі болып отыр. 

Осылайша, бейбіт шерулер үшін рұқсат етілген арнайы орындар саны, мысалы Нұр-Сұлтан қаласында 12-ден кем емес, ірі мегаполис Алматы қаласында  24-тен кем болмайды. Бұл азаматтардың бейбіт жиналыстар өткізуге конституциялық құқығын қамтамасыз етуге және мемлекеттік органдардың естуіне мүмкіндік береді және азаматтардың мұқтаж мәселелеріне байланысты конструктивті шешімдер қабылдауға септігін тигізеді, - дейді Назарбетова. 

Сонымен қатар, ол бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы міндеттерінің тізбесін 13-тен 10-ға дейін қысқарту да маңызды тармақ болып отырғанын айтты. 

Ұйымдастырушының бейбіт жиналыстарға қатысушылардың өз бет-әлпетін жасырмауын, оның ішінде адамды тануға кедергі келтіретін киім заттарын және өзге де құралдарды пайдаланбауын талап ету міндетін толық алып тастау ұсынылды. Өйткені қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері ішкі істер органдарының құзыретіне жатады. Мәселен, Германияда митинг ұйымдастырушы заңды тұлға рөлінде болады және тәртіптің қамтамасыз етілуіне, регламенттің сақталуына, жанжалдарды болдырмауға жауапкершілік алады. Осы міндеттердің барлығын ұйымдастырушы өз бетімен полицейлердің қатысуынсыз шешеді. Алайда, полиция органдары "қоғамдық тәртіпті" қамтамасыз етуі қажет, сондай-ақ азаматтардың шерулер өткізуге құқығын қорғауы тиіс, - дейді ол.

Айта кетерлігі, заң жобасының жаңа редакциясында бейбіт жиналыстар өткізуден бас тарту тізбесі 13-тен 10-ға дейін және бейбіт жиналысты тоқтату үшін негіздер тізбесі 7-ден 6-ға дейін қысқартылған.

Қорыта айтқанда, жалпы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы заң жобасы "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының іс жүзінде жүзеге асырылуын, аталған заң жобасының одан да көбірек либерализациялануына бағытталғандығын, осы саладағы әлемдік тәжірибенің жағымды тұстары ескерілгендігін көрсетеді, - дейді Әсел Назарбетова.
Өзгелердің жаңалығы