Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустиннің кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кездесу барысында Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин Қазақстанды Ресейдің стратегиялық серіктесі әрі одақтасы деп атап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың түрлі бағыттары бойынша жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға үлкен әлеует бар екенін айтты.
Сөз басында Михаил Мишустин Олжас Бектеновке Ресей Президенті Владимир Путиннің ізгі тілегін жеткізді.
Сонымен қатар ол Қазақстан халқын тарихи оқиғамен – жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады.
Осы сәтті пайдалана отырып, сізді және барша қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануы сияқты тарихи оқиғамен шын жүректен құттықтағым келеді. Референдум қорытындылары Қазақстан халқының Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың заманауи, өкілді мемлекет құру және республика азаматтарының әл-ауқатын арттыру бағытын қолдайтынын көрсетті, – деді Михаил Мишустин.