Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин Қазақстанды Ресейдің стратегиялық серіктесі әрі одақтасы деп атап, екі ел арасында экономиканың түрлі салаларында жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға зор мүмкіндік бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол Қазақстанды Ресейдің стратегиялық серіктесі әрі одақтасы деп атап, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың уақыт сынынан өткенін айтты.
Қазақстан – Ресейдің стратегиялық серіктесі әрі одақтасы. Біздің қарым-қатынастарымыз уақыт сынынан өткен. Олар достық, тату көршілік, өзара құрмет және бір-бірінің мүддесін ескеру қағидаттарына негізделген, – деді Ресей Үкіметінің төрағасы.
Мишустиннің айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр қараша айында Ресейге жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілген.
Оның ішінде ең маңыздысы – 2030 жылға дейінгі экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасының бекітілуі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өткен жылдың қараша айында Ресейге жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша көпқырлы ынтымақтастығымызды дамытуға қатысты маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Ең бастысы – 2030 жылға дейінгі экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасы бекітілді, – деді ол.
Сондай-ақ ол Ресей мен Қазақстан үкіметтері мемлекет басшылары қабылдайтын шешімдердің нақты әрі жедел орындалуын қамтамасыз ететінін атап өтті.
Ресей Үкіметі басшысының айтуынша, Ресей Қазақстанның жетекші сыртқы сауда серіктестерінің бірі саналады және Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция көлемі бойынша да алдыңғы орындардың бірін иеленеді.
Ол екі ел арасында экономиканың түрлі салаларында жаңа бірлескен жобаларды іске қосуға мол мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Меніңше, энергетика, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы және цифрлық экономика сияқты түрлі салаларда жаңа бірлескен жобаларды іске қосу үшін зор әлеует бар, – деді Михаил Мишустин.
Оның айтуынша, осы міндеттерді жүзеге асырумен Қазақстан мен Ресейдің үкіметаралық комиссиясы белсенді түрде айналысып келеді.
Кездесу барысында гуманитарлық ынтымақтастыққа, әсіресе білім беру саласына да ерекше назар аударылды. Мишустин жыл сайын Ресейде жоғары білім алып жатқан қазақстандықтардың саны артып келе жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар оның айтуынша, Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары да табысты жұмыс істеп жатыр.
Жыл сайын Ресейде жоғары білім алып жатқан қазақстандықтардың саны артып келеді. Оның ішінде Қазақстан Үкіметінің стипендиялары есебінен оқып жатқан студенттер де бар. Сонымен қатар Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары жұмыс істеп жатыр, – деді ол.
Ресей Үкіметінің төрағасы былтыр қыркүйекте Омбыдағы Достоевский атындағы мемлекеттік университет жанынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жұмысы басталғанын да еске салды.
Сондай-ақ Михаил Мишустин Олжас Бектеновпен бірге ертең Шымкентте өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңестің және халықаралық экономикалық форумның отырысына қатысатынын айтты.
Ол Ресейдің Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтағы төрағалығының басымдықтарын толық қолдайтынын жеткізді.
Ресей Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтағы төрағалығының басымдықтарын толық қолдайды және Ресей мен Қазақстан азаматтарының мүддесі үшін интеграцияны одан әрі нығайту жолында бірлесіп жұмыс істеуге дайын, – деді Михаил Мишустин.