Осы уақыт аралығында «Мирас» мектебінен 830 түлек түлеп ұшты, олардың ішінде 20 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 46 түлек арнайы аттестатпен марапатталды. Сондай-ақ 197 оқушы беделді Дипломдық бағдарламада оқып, халықаралық диплом алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Мирас» халықаралық мектебі Алматыда 1999 жылы күзде «NNEF» қоғамдық қорының қолдауымен құрылған болатын. Алғашқы күндерден бастап мектептің миссиясы айқын еді – қазақстандық және халықаралық білім беру стандарттарын біріктіре отырып, сапалы білім беру.
Бізде 25 жыл бұрын әлемдік және ұлттық білім берудің үздік тәжірибесін біріктіретін бірегей білім беру мекемесін құру сынды үлкен мақсат тұрды. Бұл жолда көптеген қиындықтар мен сынақтар кездесті. Бірақ, бүкіл ұжым, мұғалімдер мен ата-аналардың күш-жігерінің арқасында «Мирас» біздің еліміздің білім беру жүйесінде үлгі боларлық оқу орнына айналғанын мақтанышпен айта аламыз, - деп атап өтті «NNEF» Қоғамдық қорының құрылтайшысы Динара Құлыбаева.
Мектеп жаңадан ашылғанда бар-жоғы 75 студент болған. Қазір 800-ден астам білім алушы бар. Халықаралық «Мирас» мектебі сапалы, әрі заманауи білім береді. Бүгінде мектеп IB (Халықаралық Бакалавриат) бағдарламасынан бөлек CIS (Халықаралық мектептер кеңесі) халықаралық ұйымынан да аккредитациядан өткен. Сонымен қатар, ECIS (Халықаралық мектептердің еуропалық кеңесі), ЮНЕСКО мектептері қауымдастығының және ТМД елдерінің халықаралық бакалавриат мектептері қауымдастығының (ASMB) мүшесі болып табылады,- дейді Алматы қ. Халықаралық «Мирас» мектебінің директоры Ирина Власянц
Бұл мектептің халықаралық стандарттар негізінде бірегей білім беру моделін жасағанын ерекше атап өткен жөн. Ол халықаралық мектеп мәртебесін 2012 жылы алды. Мектеп түлектері білім алғаны туралы екі құжат алып шығады – мемлекеттік сертификат және халықаралық бакалавриат дипломы. IB дипломдық бағдарламасының түлектері әлемнің жетекші университеттеріне тікелей түсу мүмкіндігіне ие. Яғни, әлемнің үздік университеттеріне емтихансыз қабылданады.
Бүгінде «Мирас» мектебінде 3 жастан 18 жасқа дейінгі оқушылар қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде білім алады. Тәжірибелі мамандардан тұратын оқытушылар құрамы жұмыс істейді, олардың басым бөлігі халықаралық бакалавриат бағдарламалары бойынша жаттықтырушы және емтихан алушы. Қазіргі уақытта АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Қытай, Ирландия, Жаңа Зеландия және Түркия сияқты әртүрлі елдерден келген 94 маман білім береді.
Соңғы жылдары «Мирас» мектебі жан-жақты дамуын тоқтатқан жоқ. Соның ішінде, педагогтар да заман талабына сай білімдерін жетілдіріп отырады. Өйткені, біздің мақсатымыз жаһандық тұрғыдан ойлай алатын әлем тұлғасын тәрбиелеу. Осы уақытқа дейін студенттеріміз қалалық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орын алып жүр. Соның бірі 2023 жылы халықаралық диплом иегері Бисимби Досжан. «Дарын» олимпидасының республикалық кезеңінің жеңімпазы болса, бертін келе ол халықаралық олимпиададан күміс жүлдемен оралды, - дейді «Мирас» халықаралық мектебінің Қазақ тілі кафедра меңгерушісі Құралай Молдагалыкова
«Мирас» мектебінің түлектері жыл сайын Назарбаев Университеті, ҚБТУ, Harvard University, University College London, University of California, Berkeley, King’s College London және басқа да беделді жоғары оқу орындарына түсуде.
Алдағы мақсаттары – цифрлық ойлау мен білім берудің инклюзивтілігін дамыта отырып, білім беру моделін жетілдіру. Осылайша, жаһандық тұрғыда ойлайтын, бірнеше тілде еркін сөйлейтін, тың жаңашылдық енгізе алатын және жетістікке ұмтылатын жаңа буынды қалыптастыру.