Минск қаласында (Беларусь) ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен БР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Николай Снопковтың төрағалығымен сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Беларусь Үкіметаралық комиссиясының 18-ші отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға екі елдің жауапты мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Нәтижесінде өнеркәсіп, көлік, құрылыс, білім және ғылым сияқты негізгі салалардағы ынтымақтастық үшін жаңа көкжиектер ашатын хаттамаға қол қойылды.
Қазақстан мен Беларусь өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі нығайтудың үлкен әлеуетіне ие болғандықтан өнеркәсіп саласындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Екі елдің экономикасы үшін маңызды саналатын көлік және құрылыс саласындағы бірлескен жобалар да айқындалды.
Білім және ғылым саласындағы бірлескен жұмыс Жас ғалымдар мен мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, тәжірибе мен инновациялық идеялар алмасуға ықпал етеді.