Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылдың аяғында Елбасымыздың бастамасы бойынша, «Астана ХАБ» ІТ технопаркінің базасында Еуразиялық цифрлық трансформация орталығын құрдық. Бұл орталықта жаңа бастамаларға эксперттік қолдау жасалады.
Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Алматыда өтіп жатқан «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі 2.0.» форумында айтты.
Сонымен қатар ол, экономиканы цифрландыру тұрғысында атқарылып жатқан істер Минск пен Бішкек арасындағы ауқымды кеңістікте кедергісіз сауда айналымын жасауға жол ашатындығын жеткізді.
«Жаңа жобалардың арасында: тауарларды цифрлық бақылайтын, электронды құжаттарды қадағалауға мүмкіндік беретін, цифрлық көлік дәліздерді құру сияқты бағыттарды ерекше атап өткім келеді. Бұлар экономикалық интеграцияға ықпал етеді деп айтуға негіз бар. Ең бастысы Минск пен Бішкек арасындағы ауқымды кеңістікте кедергісіз сауда айналымына жол ашылады. Қарапайым тұтынушылардың құқығы қорғалатын болады»,-деді министр өз сөзінде.
Айта кетсек, Алматыда ЕАЭО мүше елдердің Үкімет басшыларының қатысуымен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күнтәртібі 2.0.» форумы өтіп жатыр. Оған әлемнің ең ірі IT-компаниялардың құрылтайшылары, халықаралық ақпараттық технологиялық парктердің басшыларымен АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Сингапур, Швейцария және ТМД елдерінің технологиялық индустрия саласындағы 50-ден астам өкілдері қатысуда.