Министрліктердің қағазды ысырып қойып, елді мекенге шығатын кезі жетті – Бектаев

2 Қараша 2020, 18:08
1767
Бөлісу:
Министрліктердің қағазды ысырып қойып, елді мекенге шығатын кезі жетті – Бектаев
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев партия белсенділері жүргізген ауыл тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету мониторингінің қорытындысы бойынша түсініктеме берді.

Ауылды интернетпен қамтуға бойынша мониторинг жүргізу жұмыстарын барлық мемлекеттік органдар жасай алады. «Ауыл» партиясының штаты көп те емес, он шақты ғана қызметкеріміз бар, еріктілер бар. Ал, министрліктерде жүздеген адам қызмет етеді. Солардың барлығы аптасына бірер күн шығып, ауылдарды аралап, елмен араласып, жағдайын біліп, сол жерлердегі проблемаларды шешуге атсалысса,  ауылдың көркі ашылар еді. Мемлекеттік қызметкерлер кабинеттерінде қаншалықты көп отыра берсе, қағаз оларды соншалықты жей береді. Сондықтан, министрлік қызметкерлерін елді мекендерге көбірек шығуға шақырамын, - деді ол. 

Партия төрағасының айтуынша, Ақмола облысының Қорғалжын және Целиноград аудандарына қарасты 6 ауылдың жартысында интернет, байланыс нашар. Ол мұндай мәселе шалғайдағы ауылдарда өте көп дейді.

Министрліктердің қағазды ысырып қойып, елді мекендерге шығатын кезі жетті. Қазір халыққа жағдай жасайтын заман, осыған әрекет жасау керек. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанда 93,5% ауылдық жерлерде интернет бар, 7,5 миллион халық интернетті пайдаланып отыр деген ақпарат берді. Бұған сенуге бола ма? Өкінішке қарай, бұл шындыққа жанаспайды. Ал, біздің жүргізіп жатқан мониторинг дәл осы ақпаратқа күмән келтіреді, - деді ол.

Әли Бектаев бұған дейін Елорда маңындағы Екпінді ауылында байланыс, интернет, тіпті мектеп жоқ екенін айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы