Министрліктер мен әкімдіктердің іссапар шығындарын қысқарту ұсынылды

20 Ақпан 2024, 12:58
565
Бөлісу:
Министрліктер мен әкімдіктердің іссапар шығындарын қысқарту ұсынылды
Фото: Арман Мухатов - архив

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бюджеттің өнімсіз шығыстарын қысқарту және экономиканы ырықтандыру бөлігінде қандай жұмыс істелді?, - деп Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтан сұрады.

Нұрлан Байбазаров Үкімет басшысының сауалына жауап берді.

Бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында Қаржы министрлігі тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп, республикалық бюджеттің шығыстарын анықтау мақсатында биылдың шығыстарына қосымша тексеру жүргізді, - деді ол.

Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша бірқатар шара ұсынды:

- мемлекеттік органдардың ағымдағы әкімшілік шығындарын қысқарту. Бұл іссапарлар шығындары, форумдар өткізу, зерттеулер жүргізу және бағы басқалары;

- бірінші кезекті маңызы жоқ жобалар мен іс-шараларды, оның ішінде олардың орындалуы мерзімдерін, мысалы, әкімшілік ғимараттар салу, ағымдағы жөндеу, күрделі шығындар және тағы басқа іс-шараларды қайтадан қарау;

- мемлекеттік қолдаудың өнімділігі төмен іс-шаралар бойынша шығыстарды азайту;

- жобаларды, оның ішінде жекелеген іс-шараларды қаржыландыру және іске асыру шарттарын өзгерту есебінен шығыстарды оңтайландыру.

Осы талдау нәтижелері бойынша оңтайландыруға 300 млрд теңгеден астам қаражат ұсынылып отыр. Егер сіз мақұлдаған жағдайда бұл қаражат Мемлекет басшысының тапсырмаларын, сондай-ақ экономиканың басым секторларын қаржыландыру үшін республикалық бюджетті наурыз айында түзету жолымен Үкімет резервіне шоғырландыру ұсынылады, - деді Байбазаров Үкіметте.

Премьер-министр қабылданып отырған шараларды толығымен қолдайтынын атап өтті.

Үнемделген қаражатты оңды-солды шашпай, тек экономикалық өсімді ынталандыруға бағыттаймыз, - деді Олжас Бектенов.

Өзгелердің жаңалығы