Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңызды қадамдарының бірі – қоғаммен кері байланыс орнату.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың бастамасымен ведомствода «Ашық сағат алаңы» атты жаңа форматтағы кездесулер өтпек. Жоба аясында күн сайын әр салаға қатысты маңызды мәселелер талқыланып, кәсіпкерлердің, қоғам белсенділерінің және БАҚ өкілдерінің сауалдарына ашық жауап берілетін болады. Яғни автомобиль жолдарын салу, азаматтық авиацияны дамыту, көлік саласы, индустриялық даму, құрылыс саласы өнеркәсібі және ТКШ-ға қатысты сұрақтар талқыланады.
Кездесулер бекітілген кестеге сәйкес ведомство басшылары мен орынбасарларының, бизнес және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен ZOOM платформасында онлайн форматта өткізіледі. Әрбір отырыстың тақырыбы мен уақыты министрліктің сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында хабарланып отырады.
Естеріңізге сала кетейік, аталған форматтағы іс-шараларға барлық мүдделі тараптар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады.