Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда 1 наурыздан бастап автогаз құю станцияларында сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағаларын уақытша мемлекеттік реттеу алынып тасталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика министрлігінің Газ және мұнай-газ химиясы департаментінің директоры Қуаныш Сәрсекеев айтты.
Оның айтуынша, сұйытылған газды сатуды уақытша мемлекеттік реттеу 2020 жылы сәуірде енгізілген. Оған ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі негіз болған. Шекті бағаларды белгілеу туралы бұйрық қабылданды.
Қазіргі кезде АГҚС-қа бөлшек сауда бағаларын нарық сұраныс пен ұсыныстарды ескере отырып белгілейді. Энергетика министрлігі жүргізген ТМД бөлшек сауда бағасына талдау көрсеткендей, биылғы бағалар пандемияға дейінгі 2020 жылдың 1 тоқсанына қарағанда, республика бойынша орта есеппен 5%-ға төмен. Яғни, биылғы нарықтық бағалар бұрын қолданыста болған бағадан да төмен, - деді министрлік өкілі.Оның айтуынша, Энергетика министрлігі ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын жеткізудің айлық жоспарын құруды жалғастыруда. Соның ішінде 25% -ы қазіргі уақытта электрондық сауда алаңдары (ЭТП) арқылы сатылып жатыр. Қалғаны министрлік тоқсан сайын бекітетін көтерме шекті баға бойынша беріледі.
Министрлік 2021 жылдың I тоқсанына баға ҚҚС-сыз 38 701 тг/тонна деңгейінде бекіткен. Бағалар 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгермеген. 2020 жылдың 3 тоқсанын қоспағанда, сұйытылған газға әлемдік бағаның төмендеуіне байланысты құны ҚҚС-сыз тоннасына 28 000 теңгеге дейін төмендеді.
Ол «Атамекен» ҰКП мен салалық қауымдастықтар мемлекеттік органдарға бұйрықтың қолданылу мерзімін шектеу туралы бірнеше рет өтініш білдіргенін атап өтті.
Оны ұзартқан жағдайда кәсіпкерлерде, яғни ЖМҚС иелерінде штат пен қызметкерлердің жалақысын қысқарту тәуекелі болды. Сондай-ақ жекелеген өңірлерде белгіленген төмен бағалар газ көлемінің неғұрлым жоғары бағалармен басқа өңірлерге ағылуына ықпал етуі мүмкін. Бұл сұйытылған газ тапшылығын тудыруы мүмкін, - дейді Сәрсекеев.