Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Энергетика министрлігінің комиссиясы түтін мұржасының бір бөлігінің құлауына қатысты технологиялық бұзушылықты тексеруді аяқтады.
Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түтін мұржасының толық тексерілуін қамтамасыз ету және оның құлау себептерін анықтау мақсатында комиссия қазандықтардың жұмыс режимдеріне, қазандықтардан шығатын газдардың параметрлеріне, түтін мұржасын пайдалану режиміне, мұржадағы түтін газдарының параметрлеріне энергетикалық сараптама және №1 түтін мұржасынатехникалық құрылыс сараптамасын тағайындады.
Сараптама қорытындылары мен кешенді ғылыми-техникалық зерттеу қорытындылары негізінде Комиссия құлаудың мынадай себептерін атады:
- түтін мұржасын салу сатысында жіберілген жобалау ақаулары және бетондау ақаулары;
- жоспарлы-алдын ала жөндеу мерзімдерін, кезекті тексеру жүргізу мерзімдерін сақтамау бөлігінде түтін мұржасын тиісінше пайдаланбау;
- қазандықтардан тыс шығатын газдардың температурасы бөлігінде қазандықтардың жұмыс режимдерін сақтамау;
- қазандықтардың жоғары апаттылығы және қазандықтардың авариялық тоқтатылуынан кейін мазутты пайдалана отырып, конденсаттың түзілуіне және төмен температуралы коррозияға қатысты газ жолы мен түтін мұржасының жұмыс жағдайларының нашарлауына әкеп соққан жиі іске қосылуы;
- 2-ПЖЭО басшылық құрамы мен жауапты мамандары тарапынан тиісті бақылаудың болмауы.
Осылайша, жоғарыда аталған факторлардың жиынтығы түтін мұржасының құлауына себеп болды.
Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша осындай технологиялық бұзушылықтарға жол бермеу жөніндегі негізгі ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар әзірленді.
Жол берілген бұзушылықтар мен кемшіліктер фактілері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тиісті шаралар қабылданатын болады.
Станция жабдықтарының авариялары мен тоқтаулары санының артуына себеп болған 2021-2022 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңіндегі жөндеу науқаны барысында жіберілген кемшіліктер үшін Директорлар кеңесінің шешімімен «Севказэнерго» АҚ жауапты басшыларына лауазымынан босату және лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік шаралар қабылданды.
Алдағы жылыту маусымын сапалы дайындау және сенімді өткізу мақсатында «Севказэнерго» АҚ Петропавл 2-ЖЭО жұмысын қалыпқа келтіру бойынша Жол картасын іске асыруда.
Жол картасының орындалуы ҚР Энергетика министрлігінің бақылауында, апта сайын көшпелі мониторинг жүргізіледі.
А.ж. 17 шілдеде Петропавл 2-ЖЭО-да ҚР Энергетика министрлігі өкілдерінің қатысуымен көшпелі кеңес өтті, онда Жол картасының орындалу барысы тексерілді.