Елімізде прокат куәлігін беру бойынша жаңа тетік фильмдерді пираттықтан қорғауға, сондай-ақ кинотеатрлар мен онлайн-платформалардың шығынын азайтуға бағытталған. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Сенаттың кулуарында берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол киноның сайттар мен жабық Telegram-арналар арқылы заңсыз таралуына қатысты сауалдарға жауап берді.
Оның сөзінше, заң аясында ұсынылып отырған өзгерістер фильмдерді прокатқа шығарғанға дейін жабық форматта сараптамадан өткізуді көздейді. Бұл контенттің алдын ала тарап кетуіне жол бермейді.
Біз қазір ұсынып отырған прокат куәлігіне қатысты тетік, керісінше, фильмдерді сақтауға және оларды пираттықтан қорғауға бағытталған. Прокатқа дейінгі сараптама кезеңінде фильмдер жабық кеңістікте, нақты белгіленген орындарда ғана қаралады. Осы кезеңде біз киноөнімдерді заңсыз таратуға қатысты қауіптің жолын мүлде кесеміз, – деді Евгений Кочетов.
Вице-министр фильмдер кинотеатрларға шыққаннан кейін туындайтын пираттық мәселесі нарықтағы негізгі ойыншылармен бірлесіп талқыланып жатқанын айтты.
Жуырда Алматыда нарықтағы ірі ойыншылармен кездестім. Олар да бұл мәселеге алаңдаулы, себебі өнімді заңсыз таратудан онлайн-кинотеатрлар да, дәстүрлі кинотеатрлар да зардап шегіп отыр. Қолданыстағы заңнамада жалпы алғанда қажетті шектеулер бар, алайда алдағы уақытта прокаттаушылармен және платформалармен өзара іс-қимылдың нақты тетіктеріне басымдық беріледі. Заң тұрғысынан барлық тосқауыл қойылған, бірақ оларды айналып өтудің жолы әрдайым табылады. Сондықтан біз онлайн-кинотеатрлармен және прокаттаушылармен бірлесіп, кинотеатрлардың кассалық табысынан айырылып қалмауы үшін шешімдер әзірлейтін боламыз, – деді вице-министр.
Telegram арқылы заңсыз контенттің таралуына тоқталған ол мессенджермен жұмыс істеу бірқатар ішкі рәсімдерге байланысты күрделі екенін атап өтті.
Қазақстанда Telegram-ның өкілі бар, біз заңсыз контент туралы хабарламалар жолдаймыз. Алайда киноға қатысты блоктау үдерісі әрдайым жедел бола бермейді және мұндай арналардың бәрі бірдей жабылмайды, – деп түсіндірді вице-министр.
Сонымен бірге ол Қазақстанда заңсыз өнім тарататын сайттарға қолжетімділікті шектеу жұмыстары Әділет министрлігімен бірлесіп жалғасып жатқанын айтты. Заңсыз сайттар мен жаңа домендердің пайда болуына қарамастан, бұл бағыттағы жұмыс тоқтатылмайды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, кинотеатрда көрсетілетін фильмдер енді сараптамадан өтеді.
Сондай-ақ, бұдан былай Мәдениет және ақпарат министрлігі отандық орындаушылардың қыз алып қашу тақырыбы көрініс табатын ән мәтіндерін ерекше назарға алатын болды. Бұл туралы Сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген Қазақстанның Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлімдеді.
Белгілі болғандай, қазақ киносы рекорд жаңартып, шетелдік фильмдерден алғаш рет озды.