Министрлік қазақстандықтарға Ухань және Хубэй провинциясына жол жүруден бас тартуды ұсынды

20 Қаңтар 2020, 18:03
816
Бөлісу:
Министрлік қазақстандықтарға Ухань және Хубэй провинциясына жол жүруден бас тартуды ұсынды
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Қытайда тіркелген жаңа коронавирустық инфекцияға байланысты қазақстандықтарға ҚХР-дың кейбір қалалары мен провинциясына жол жүруден бас тартуды ұсынды. 

Бүгін өткен баспасөз брифингінде Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин әлемдегі коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық ахуалы жөнінде хабардар етті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сәйкес, аурудың алғашқы жағдайы Ухань қаласында 8 желтоқсанда диагностикаланған. Жаңа коронавирустық инфекцияның 41 жағдайы анықталды. Салдарынан 7 адам ауыр жағдайда, 2 адам қайтыс болды. Науқастанған адамдардың көпшілігі "Хуанань" теңіз өнімдерінің көтерме сауда нарығында жұмыс істейтін адамдар мен оған жиі келетіндер болып шықты. Жапонияда ауырған адам Ухань қаласынан келген, - деп мәлімдеді бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар, Таиландта да Ухань қаласынан келген азамат ауырған. Екі жағдайда да науқастар емделген екен.

Қытайда тіркелген эпидемиологиялық жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстанға бұл аурудың әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында комитет санитарлық-эпидемияға қарсы және профилактикалық шаралар кешенін қабылдауды бастады. Өңірлерге ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы жіберілді, - деді Жандарбек Бекшин.

Бас дәрігердің айтуынша, мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде барлық адамдарға, әсіресе, Қытай Халық Республикасынан келген адамдарға міндетті байланыссыз термометрия жүргізілуде.

Өзгелердің жаңалығы