Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Азық-түлік өндіруші отандық кәсіпорындарға қандай жеңілдіктер қарастырылған? Оларға жеңілдетілгер несие беру жоспарда бар ма?
Орталық коммуникациялар алаңындағы брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жауап берді.
Біріншіден, біз Еуразиялық Одаққа мүше елміз. Ол жақтағы Ресей, Қырғызстан не Беларусь елдерінен келетін азық-түлік тауарларының сапасы дұрыс болса ел нарығына тоқтаусыз келу мүмкіндігі бар. Сол себепті отандық кәсіпорындар осы бәсекелестікті ескере отырып, өз тауарларының сапасын арттыру қажет, - деді ол.
Сондай-ақ министр қолданыстағы субсидиялау жүйесіндегі бірқатар жеңілдікті атап өтті.
Мәселен, жеңілдетілген кредиттер сондай-ақ тұқымдар мен тыңайтқыштарды 50 пайызға жеңілдетіп береміз. Май және сүт өнімдерін өндірген кезде жергілікті бюджеттен субсидиялар қарастырылған. Мұның бәрі кәсіпорын тауарды өндірген кезде оның бағасын төмендетуге ықпал етеді. Осыған орай біздің тауарлардың бәскеге қабілеттігі өсетін болады, - деді Ербол Қарашөкеев.