Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығына барып, мекеме жұмысымен және елдің топырақ құнарлылығының жай-күйі туралы ақпаратпен танысты.
Еңбек ұжымының өкілдерімен кездесу барысында министр жер – біздің басты байлығымыз және топырақ құнарлылығының жай-күйін бақылау мемлекеттің маңызды міндеті екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта құзіретті органдарда алқаптардағы топырақтың агрохимиялық құрамы туралы тұрақты түрде жаңартылып отыратын деректердің болмауына байланысты жерді тиімсіз пайдаланушыларға топырақтың құнарлылығын сақтауға бағытталған қандай да бір ықпал ету шараларын қолдану мүмкіндігі жоқ.
Минералды тыңайтқыштарды қолданудың үстірт талдауы мен ғылыми негізделген ауыспалы егістердің сақталмауы егістік жерлердің қалай сарқылатынын көрсетеді. Екінші жағынан, Сіздердің мекемелеріңіз жасаған топырақтың агрохимиялық құрамы туралы мәліметтер базасы дәл егіншілік технологиясының талаптарына толық сәйкес келмейді. Осыған байланысты ғылыми орталыққа алынған деректер тек бақылаушы органдар қажеттілігі үшін ғана емес, барлық жер пайдаланушылары өздерінің практикалық жұмыстарында пайдаланатындай зерттеу әдістемелерін жетілдіру қажет. Бұл істе министрлік тарапынан қажетті көмек көрсетіледі, - деді Ербол Қарашөкеев.
Айта кету керек, «Агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» ММ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану, сақтау, құнарлылығын арттыру, көбейту және сапалы өнім алу мақсатында саланың агрохимиялық қызметін қамтамасыз етеді.